AMANAT партиясы қаржылық сауаттылықты арттыру үшін 7500 мұғалімді даярлайды
«AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 7500 мектеп, колледж және университет мұғалімдерін оқытады. Жоспар бойынша жаңа пән жаңа оқу жылында оқу бағдарламасына енгізілмек. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.
Астанада оқу семинарының қатысушыларымен Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кездесті. Мәжіліс Спикерінің айтуынша, мұғалімдер әрдайым қоғамдағы жаңа және прогрессивті бастамалардың негізгі нұсқаушысы. Сондықтан педагогтердің қаржылық сауат бойынша жаңа пәннің мәнін түсінуі және жастарды оқытуы маңызды.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше назар аударды. Президент Үкіметпен бірлесіп бұл бастаманы жалпыұлттық жобаға айналдыруды және оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Бұл жұмысты ең алдымен мектеп пен ЖОО-дан бастау керек. Біздің Президентіміздің негізгі саясаты – реформаларды халық үшін және халықпен бірге жүргізу. Сондықтан біз, сіздерді, мұғалімдерді шақырып, қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жұмыс істегіміз келеді, – деді Ерлан Қошанов.
Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, 2024 жылы қаржылық сауаттылықты 100 мың студент және 450 мың оқушы оқиды. Қосымша 200 мың адам оқыту курстарынан өтеді. Осылайша, биыл «Қарызсыз қоғам» жобасымен 750 мың адам қамтылады.
Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда басталған болатын. Жобаны іске асыру барысында 150 мыңға жуық адам оқудан өтті. Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді.
Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.