
Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, Яндекс Такси компаниясының алгоритмдік баға қалыптастыру тиімділігіне аудит жүргізді.
Аудиттен өту міндеті Яндекс Таксиге монополияға қарсы комплаенс аясында жүктелген болатын
Аудиттің мақсаты – Яндекс Сервисін, оның ішінде такси қызметтерінің бағасына әсер ететін шарттар мен параметрлерді зерделеу болды.
Атап айтқанда, жүйенің архитектурасы, баға қалыптастырудың базалық және динамикалық компоненттері зерттелді, сонымен бірге әуежай аймақтары мен қаланың орталығынан алыс аудандардағы ерекшеліктер, сондай-ақ операциялық процестер қарастырылды.
Аудиттің бастапқы қорытындылары бойынша баға белгілеу жүйесінде бірқатар тәуекелдер анықталды. Кейбір тәуекелдер жойылды, ал қалғандары бойынша Яндекс оларды жою жөнінде міндеттемелер қабылдады.
Осылайша, Агенттіктің хабарламасы негізінде пайдаланушыларға арналған адалдық бағдарламасының ережелері өзгертілді, нәтижесінде Яндекс осы бағдарлама бойынша барлық шығындарды толық өз мойнына алды.
Яндекс қолданыстағы комплаенс жүйесіне мынадай өзгерістер енгізді:
- такси тарифтерінің және жол жүрудің базалық құнының қымбаттайтыны туралы Агенттікке 3 күн бұрын хабарлау;
- әуежай маңындағы кейбір тұрғын аймақтарды әуежай тарифтік аймағынан алып тастау (1 апта ішінде);
- жол жүрудің базалық құнынан екі есе асатын сомадан комиссия ұстамау (бұл жүргізушілердің табысын арттыруға ықпал етеді);
- «Эконом» тарифіндегі комиссияны әр қалада екі жылда бір реттен жиі көтермеу (аталған тариф ең сұранысқа ие тариф болып табылады);
- максималды сұраныс жағдайында тарифті үш еседен артық көтеруді шектеу (мысалы, ауа райы қолайсыз күндері немесе мереке күндері, мұндай сапарлар әр тоқсанда әр қалада барлық сапарлардың 5%-ынан аспауы керек, бұл талап нақты көрсетілген);
- сұранысы төмен аймақтар үшін тариф құрамындағы қосымша төлем компонентін пайдаланушы қосымшасында түсінікті көрсету;
- 2025 жылдың 30 маусымынан кешіктірмей пайдаланушыларға сапар бағасының толық құрылымын қосымшада көрсету;
- техникалық қолдау сапасын арттыру, атап айтқанда, пайдаланушылардың өтініштерін өңдеу алгоритмін оңтайландыру.
Бұдан бөлек, Яндекс Такси пайдаланушыларды такси қызметтеріне сұраныс деңгейі туралы хабардар ету шараларын жақсартпақ.
Яндекс Такси антимонополиялық комплаенс аясындағы міндеттемелерінің орындалуы Агенттік жанындағы арнайы мониторингтік топтың бақылауында.
Үкіметке жеке кәсіпкерлер үшін арнайы салық режимі бойынша салықтық есептілікті жеңілдетуге қатысты заңнамалық түзетулерді жедел енгізу жөнінде ұсыныстар жолданды. Бұл өзгерістер такси жүргізушілерінің табысын арттыруға ықпал етеді.