
Мәжілістің жалпы отырысында елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген. Ол жер қатынастары, сәулет және құрылыс, көші-қон, жарнама, экология және басқа да салалардағы мәселелерді шешуге бағытталған.
«Қазіргі уақытта қалалардың сәулеттік келбеті тек сыртқы (көрнекі) жарнама арқылы ғана емес маңдайшалардың да ретсіз орналасуына байланысты нашарлауда. Сыртқы (көрнекі) жарнаманы жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру да қалалардың эстетикалық келбетіне теріс әсер етеді. Сонымен қатар, қаланың сыртқы келбетінің нашарлауына қоғамдық орындарда аудио жарнаманың кең таралуы себеп болуда. Бүгінгі таңда аталған әрекеттер заң бұзушылыққа жатпайды және заңнамада ешқандай әкімшілік шаралар көзделмеген», – деді Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.
Қалалардың сыртқы келбеті бойынша мәселелерін шешу мақсатында бірқатар заңнамалық өзгерістер ұсынылды:
республикалық маңызы бар қалалардың, астананың стилистикалық бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыратын дизайн-кодты, сондай-ақ стационарлық емес объектілерді орнату мен жұмыс істеуі бойынша қағидаларды бекіту;
елордада бірыңғай дизайн-кодты енгізу және оның жалпы ережелерін айқындау;
ғимараттардың меншік иелеріне талаптарға сәйкес емес орнатылған жарнама объектісіне демонтаж жасау жөніндегі шарттарды қолдану;
ашық кеңістікте аудио жарнаманы таратуға тыйым салу;
тротуарларда, веложолдарда, автожолдарда және көшелерде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға тыйым салу.
Аталған нормаларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізу мәселесі де пысықталып жатыр.
Республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың мәслихаттарының құзыретін кеңейтіп, дизайн-кодты бекіту нормасын енгізу ұсынылады. Ал әкімдіктердің құзыретіне тұрақты емес нысандарды орнату және олардың жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу мен бекіту енгізілмек.