Астана қаласына кіреберіс жолдарда ауыр жүк көліктеріне қатысты жаппай тексеріс жүргізіліп жатыр.
Рейдтік шараларды Көлік министрлігі, қалалық полиция департаменті және әкімдік бірлесіп қолға алған.
Тексерістер негізінен құрылыс материалдары жиі тасымалданатын бағыттарда ұйымдастырылған. Инспекторлар жүк көліктерінің рұқсат етілген салмақ пен габарит талаптарын сақтауын қадағалауда.
Бақылау жұмыстарына 6 жылжымалы бекет тартылып, елдің 17 өңірінен көлік инспекторлары жұмылдырылған. Рейд басталғалы бері 622-ге жуық көлік тексеріліп, 347 заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде артық жүктеу деректері де бар. Жалпы сомасы 92 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар жол сапасын сақтау, инфрақұрылымның мерзімінен бұрын тозуын болдырмау және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткізіліп отыр.
Бұған дейін ҚазАвтоЖол жаз мезгілінде республикалық маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілетінін хабарлаған еді.





