
ҚР ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығында Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығында Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрлігі, Энергетика министрлігі, Көлік министрлігі, аумақтық төтенше жағдайлар департаменттері, «Теңіз жасағы» АҚ, сондай-ақ NCOC және өзге де ірі мұнай-газ компанияларының басшылары мен мамандары қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы — теңіздегі мұнай төгілулерін жою бойынша төтенше жағдайларға ден қою жүйесін жетілдіру, сондай-ақ теңіздегі авариялық-құтқару операцияларын үйлестіру мен техникалық жарақтандыру бойынша бірыңғай тәсілдерді әзірлеу болды.
Талқылау қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілді:
- теңізде және ішкі су айдындарында мұнай төгілулерін жою жөніндегі Ұлттық жоспарды өзектендіру;
- төтенше жағдайлар кезінде тартылатын мұнай-газ компанияларының ресурстары мен техникасының түгендеуін жүргізу;
- Атырау және Маңғыстау облыстарында штабтық оқу-жаттығулар мен дөңгелек үстелдер өткізу;
- «Теңіз жасағы» АҚ-ны Каспий теңізіндегі авариялық-құтқару операцияларының бірыңғай үйлестіру орталығы және операторы ретінде айқындау мүмкіндігін қарастыру;
- мамандар мен техниканы аккредиттеу бойынша бірыңғай рәсім әзірлеу;
- магистральдық мұнай құбырларындағы апаттарды қоса алғанда, апат салдарын жою жөніндегі қолданыстағы нормативтік актілерді қайта қарау.