Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесі қазір тест режимінде жұмыс істеп тұр.
Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, ай соңына дейін барлық вагондар жеткізіледі, ал стансалардың ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы екі айда LRT-ны толық іске қосуға қажетті барлық дайындық жұмыстары тәмамдалады.
Жобаның ресми түрде келесі жылы жолаушылар тасымалын бастауы жоспарланған. LRT іске қосылғаннан кейін тоғыз жедел көлік дәлізі пайдалануға беріліп, қоғамдық көліктің қарбалас уақыттағы орташа қозғалыс жылдамдығы 30 пайызға артады, ал автобустардың жүру аралығы 8 минутқа дейін қысқарады.





