Бүгін Ұлттық музейде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Суретшілер одағы және Дизайнерлер одағының мүшесі, Суретшілер академиясының академигі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Дизайн кафедрасының профессоры Тілеужан Батановтың «Сезім» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді, деп хабарлады ҚР Ұлттық музейі Баспасөз бөлімі.
Көрменің мақсаты – адам жанының тереңдігін паш ететін суретші шығармашылығының сезімге толы дүниелерін талғампаз көрерменнің назарына ұсыну. Көрмеге автордың кескіндемелік, графикалық және мүсіндік 150-ге жуық шығармашылық жұмыстары қойылады.
Тілеужан Бағыбайұлы 80-ге жуық халыкаралық және республикалық симпозиумдарының қатысушысы. 200-ден астам шығармашылық көркем және мүсін жұмыстары АҚШ, Ресей, Швейцария, Дания, Австралия, Нидерланд, Түркия, Германия, Грузия, Өзбекстан және басқа да жекеменшік коллекцияларда сақтаулы.
Тілеужан Батанов – айрықша жан-жақты шебер. Ол тек мүсінші, кескіндемеші, график, дизайнер ғана емес, сол сияқты ұзақ жылдан бері ұстаздық қызметпен де айналысады. Ұстаздық жолында 500-ге тарта қолданбалы өнер суретшілері мен дизайнерлердің бірнеше ұрпағын шығарды.
Тілеужан Батановтың әр туындысының кескіні, реңктері, композиция және сюжеттері қылқаламның ұшынан сезіммен шыққандай. Себебі, автор әр шығармасында адамға бақыт сылайтын айрықша маңызды нәрселерді бейнелі көріністермен сездіруге ұмтылады. Жастық, әсемдік, махаббат, отбасы, ұрпақтар үндестігі сияқты кез келген адам үшін теңдессіз құндылықтарды мүсіндеуден де тауып отырады. Суретші өз шығармашылығында бейнелерді тек реалистік баяндаумен ғана шектеліп қалмайды. Қажет жерінде реалистік жүйе мен жартылай абстрактілік декоративті қалыпты ұштастыра біледі.
«Сезім» көрмесі музейдің 4-қабатында орналасқан №2 Бейнелеу өнері залында ағымдағы жылдың 27 қазанына дейін жалғасады.