Астана қаласы прокуратурасы жедел медициналық жәрдем станциясында 850 млн теңге көлемінде бюджет қаражатының ұрланғанын жариялады.
Прокурорлар мен ҰҚК департаментінің бірлескен тергеуі 2020-2023 жылдары станцияның қаражатын жымқыру схемасын әшкереледі. Арнайы ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, санитарлық автокөліктердің бөлшектерін заңсыз есептен шығару және жалған қызмет көрсету шарттары жасалғаны анықталды.
– Нәтижесінде жұмыс істейтін автокөліктер саны азайып, қалғандары қосалқы бөлшектердің жымқырылуынан пайдаланудан шығарылды. Қазір "103" автопаркі толық қалпына келтірілді. Төрт қызметкер, соның ішінде екі орта буынды басшы мен станция директоры ұсталды, – делінген хабарламада.
Құқық бұзушыларға Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3 және 4-бөліктері бойынша айып тағылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.





