![Астанадағы «Сергек» орнына «ақылды» камералар қойылады](/uploads/posts/1739523260_l-IuJLNwSgRmaN8BOBF4x9Suo0nxriNx/image/post7.jpeg)
Астана қаласының бейнебақылау жүйесі енді Біріккен Араб әмірліктерінің жекеменшік компаниясына өтеді.
Бұл туралы бүгін мәслихат отырысында цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Дидар Сүлейманов мәлім етті.
«Сергек» компаниясымен арадағы келісімшарт бір айдан кейін, яғни, 2025 жылдың 13 наурызында тоқтайды. Әкімдік ары қарай бұл компаниямен келісімшарт орнатуға ниетсіх.
«Өздеріңіз білетіндей, «Сергек» жобасы 2017 жылы басталды. Биыл 13 наурыз күні «Көркем Телеком» компаниясымен («Сергек» камераларының иесімен) келісімшарттың мерзімі аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты, сондай-ақ, жобаны одан әрі дамыту үшін біз G42 холдингінің ішіне кіретін Presight халықаралық компаниясымен бірге «Астана қаласы үшін жасанды интеллект базасында қалалық инфрақұрылымды басқаруға арналған шешімдер» атты жобаны жасадық. Бұл жобада алдыңғы жобаның кемшіліктерін жойдық», – деп мәлім етті ол.
Оның айтуынша, арабтардың жаңа компаниясы Астанада жалпы бейнебақылау жүргізетін 22 мың камера, көшелердің қиылысында 732 аппарат-бағдарлама кешенін, жол бойында тура осындай 470 кешен орнатпақ. Бұл камералар 15 түрлі жол ережесін бұзу фактілері мен 35 түрлі видеоаналитика жүргізеді. Араб компаниясымен арадағы келісімшарт 2030 жылға дейін жалғасады деген болжам бар.