Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Бағаға қысым күшейіп барады: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды

Бағаға қысым күшейіп барады: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Бұл туралы баспасөз мәслихатында ҚР ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті. Шешім нақты деректердің, жаңартылған болжамдардың және инфляциялық тәуекелдер тепе-теңдігін талдауы негізінде қабылданды.

Ұлттық банктің ресми есебінде көрсетілгендей, мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,3%-ға жетті. Бұл көрсеткішке ең алдымен сервистік инфляция әсер етті. Яғни, реттелетін тарифтер мен нарықтық қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы байқалды. Бағаның өсу қарқыны азық-түлік тауарлары бойынша да жеделдеп келеді.

Сонымен қатар, сыртқы сектор тарапынан бағаға қысым күшейіп отыр.
«Бұл Ресейдегі жоғары инфляцияның сақталуына, жоғары сұраныс пен валюталық ауытқулар аясында әлемдік азық-түлік бағасының өсе түсуіне, сондай-ақ сауда қақтығыстарының күшеюінен және шикізат тауарлары бағасының құбылмалылығынан туындаған жоғары белгісіздікке байланысты. Жаһандық баға орнықты түрде өсу үрдісінде қалды. Сауда-саттықтағы шиеленіс инфляциялық тәуекелдерді күшейтіп, өнеркәсіп пен қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділікті тежей түсті. Осы жағдайларда нарық тарапынан саясатты  одан әрі жұмсартуға қатысты күтулер болғанымен, орталық банктердің риторикасы әлі де ұстамды қалпын сақтап отыр», – деп атап өтті Ұлттық банк.

Қалыптасып отырған жағдайға байланысты 2025 және 2026 жылдарға арналған инфляция болжамы қайта қаралды. Биылғы жылы инфляция 10,5–12,5% аралығында, ал 2026 жылы – 9,5–11,5% деңгейінде болады деп күтілуде. 2027 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 5,5–7,5% деңгейіне дейін төмендейді. Бұл тежеуші сипаттағы ақша-кредит саясаты мен алдағы салық-бюджет консолидациясы аясында бюджеттік қолдау шараларының біртіндеп қысқаруы нәтижесінде болмақ. 

Бас банктің бағалауы бойынша, қалыптасып келе жатқан жоғары инфляция бұрын болжанған уақыттан ұзақ мерзімге қалыпты қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды талап етеді. Тәуекелдер тепе-теңдігі 2025 жылдың соңына дейін ағымдағы деңгейде базалық мөлшерлемені ұстап тұрудың жоғары ықтималдылығын айқындайтын инфляцияға қарай жылжыды.

Бұған дейін экономист Эльдар Шамсутдинов Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтайтынын айтқан болатын 
«Реттеуші бірден қатаңдатуға дайын екенін білдірген жоқ, ал инфляция әзірге болжанған траекториядан шыққан жоқ. Сондықтан Ұлттық банк инфляциялық қысымның күшеюіне қарамастан, базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтайды», – деп болжаған еді Эльдар Шамсутдинов.

Сондай-ақ, ол Telegram-арнада жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша біркелкі пікірді келтірді:
«Дауыс бергендердің көпшілігі Ұлттық банктің мөлшерлемені сақтап, қабылданған шешімдердің нәтижесін бақылау үшін күту позициясын ұстанады деп есептейді»
Сарапшының пікірінше, қалыптасқан жағдайға байланысты Ұлттық банкке қатаң ақша-кредит саясатын жалғастыра беру қажет.
«Алдағы уақытта, Goldman Sachs (әлемдегі жетекші инвестициялық банк – ред.) атап өткендей, Қазақстан ұсыныс өсімінің бәсеңдеуімен және сұраныстың тұрақты артуымен бетпе-бет келеді. Бұл тұрақты инфляциялық фон жасайды. Демек, қатаңдатылған ақша-несиеде саясатының ұзақ сақталуын талап етеді. Теңіздегі өндіріс көлемінің уақытша артуына қарамастан, 2025/2026 мөлшерлеме жоғары боп қала береді», - деп түйіндеді Эльдар Шамсутдинов.

Ұқсас материалдар