«Байсат» базары үшінші рет аукционға қойылды: Баға 2 млрд теңгеге төмендеді
Алматыдағы «Байсат» көтерме-бөлшек сауда базары үшінші рет аукционға шығарылды.
Бұл туралы Қайтарылған активтерді басқару компаниясының ресми сайтында хабарланды.
E-Qazyna порталындағы сауда-саттық 5 ақпан күні сағат 12:00-де (Астана уақытымен) өтеді. Бастапқы баға – 24 млрд 772 млн теңге. Осылайша нысанның құны алдыңғы аукционмен салыстырғанда шамамен 2 млрд теңгеге төмендеді.
Аталған базар алғаш рет 2024 жылдың қараша айында сатылымға қойылғанымен, қатысушылар болмағандықтан аукцион өтпеген. Желтоқсан айында қайта ұйымдастырылған саудада бастапқы баға 26,7 млрд теңге болған, алайда ол жолы да сатып алушы табылмады.
Жалпы аумағы 4 221,4 шаршы метрді құрайтын үш нысан мен 1,4 гектар жер телімінен тұратын бұл актив бұған дейін «КазГерСтрой» және Astana Financial Group компанияларының иелігінде болған. Аталған компаниялар Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанмен байланысты деп көрсетіледі.
2024 жылдың қаңтарында Алматы қаласының прокуратурасы бұл үлесті мемлекет меншігіне қайтарды. Бұған дейін Қайрат Сатыбалды сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында «Байсат» базарының негізгі бөлігін және мемлекетке 650 млрд теңгені өз еркімен қайтарған.
Еске салайық, Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурызында ұсталып, кейін бірқатар ауыр баптар бойынша кінәлі деп танылды. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді және 10 жылға мемлекеттік қызметте әрі ұлттық компанияларда жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сотта оның «Қазақтелеком» компаниясына 12 млрд теңгеден астам шығын келтіргені және «Көлік сервистік орталығы» АҚ мүлкін жымқырғаны дәлелденген.





