Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«Бақылау қырандары» алдағы референдумды бақыламақ

 «Бақылау қырандары» алдағы референдумды бақыламақ

Алдағы Референдумға байланысты бақылау жасайтын ұйымдар мен бастамашыл топтардың саны артуда. Бақылаушылық жасаймыз деп бастама көтергендердің бірі саясаттанушы Нұрболат Нышанбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Бақылау қырандары» атты тәуелсіз бақылаушылар тобын жасақтайтынын хабарлады.

«Саясаттанушы ретінде маған еліміздегі, қоғамдағы әр процесс қызықты, әрі маңызды. Азаматтардың саяси белсенділігі, азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпалы, сайлауға халықтың қаншалықты белсенді қатысуы әрқашанда мен үшін маңызды. Жеке тәжірибемде, әлемнің біршама елінде болдым, оқыдым, тәжірибе алмастым. Ұққаным, дамыған кез-келген біртұтас қоғам үшін сайлау, референдум мемлекеттік деңгейде маңызды шара. Еуропада оқыдым, мұхиттың арғы шетіндегі Аустралияда білім алдым. Тек білім алмай, жергілікті халықтың тұрмыс салты мен әлеуметтік белсенділігін қатар меңгердім», - дейді саясаттанушы. 

Ол Еуропа елдеріннің электоралды процесстерінен көрген-түйгендері мен Қазақстандағы саяси науқандарды салыстыра отырып, алда болатын референдумда тәуелсіз бақылаушылар тобын жасақтайтынын айтады.

«Енді үш аптадан кейін елімізде референдум өтеді. Бұл референдумның маңызы да, мәні де өзгеше. Себебі осыған дейінгі референдумдар президент мерзімін ұзарту,  конституцияға қатысты болса, бұл жолы АЭС  салына ма, жоқ па деген сұраққа халық таңдау жасайды. Саясаттанушы болған соң бұндай процесстерден қалыс қала алмаймыз», - дейді саясаттанушы.

Референдум күні ресми бекітілгенен бастап еліміздің түкпір-түкпірінде, соның ішінде Алматы, Астана секілді Қазақстан саясатының маңызды драйверлерінде саяси науқандарды (сайлау, референдум) бақылайтын ұйымдар қазір белсенділігін арттыруда.

«Саясаттанушы ретінде биылғы саяси науқанда бақылаушыларды дайындап, референдумның өту барысын қадағалап, байқап көрсек деген идеяны ұсынамын. Мақсат – референдумды демократиялық институт ретінде отандық моделін қалыптастыруда үлес қосу. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болмақ. Басты міндетіміз референдумның өту барысын бақылау. Қазір бұл қоғамдық бақылауды қалай іске асыра аламыз деп күні-түні ойланып, құрылымы мен стратегиясын қалыптастырудамыз», - дейді ол.

 Айта кетейік, 6 қазан елімізде АЭС құрылысы жөніндегі жалпыхалықтық референдум өтеді. Президент Тоқаев пәрмен беріп, Қазақстан қоғамы үшін аса маңызға ие осы электоралды процесс өтетін болып бекітілді.

АЭС құрылысына қатысты қоғам пікірі әртүрлі. Оны жақтаушылар да, оған қарсылар да бар және тараптар өз пікірлерін қоғам талқысына ашық салуда. Десе де, «АЭС құрылысы туралы шешімді референдум арқылы, халық пікірімен санаса отырып қабылдаймыз», - деген саяси билік маңызды саяси науқанды бастап кетті.

 

Ұқсас материалдар