
Елімізде осы маусым айынан бастап, қазақстандықтар бір-біріне ұялы телефондарының нөмірі бойынша әртүрлі банктер арасында емін-еркін ақша аудара алады. Тиісті жаңа жүйе іске қосылып жатыр.
Бұған дейінгі тәжірибе бойынша ақшаны жіберетін және оны қабылдап алатын адамдардан бір банктің клиенті болуы талап етілетін. Оның бірі клиенті болмаса, банктің төл деректер базасынан ондай нөмірдің табылмағаны көрсетілетін.
Сонымен қатар, енді QR-код бойынша банкаралық есептесу жүйесі де өмірге жолдама алады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов хабарлады.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясы ақысын төлеген, келісімге отырған қатысушы банктерді кезең-кезеңмен жаңа жүйеге қосып жатыр.
«Бұған дейін отандық 9 банкпен келісім бекітілді. Бұлар – «Халық банкі», «ЦентрКредит Банкі», Freedom Bank, Altyn Bank, RBK, Bereke, Forte, Home Credit Bank және «Нұрбанк». Келісім бекіту – бұл банктердің тиісті әзірлікті жүргізгенін және техникалық қосылысқа кіріскенін білдіреді", – деді Берік Шолпанқұлов.
Ұлттық банктің дерегінше, маусым айы ішінде келесі банктердің клиенттері бір-біріне нөмір телефоны бойынша банкаралық ақша аударымдарын жасай алады:
Халық банкі,
Freedom Bank;
Altyn Bank;
RBK;
Home Credit Bank.
Өткен жылы Ұлттық банк сөз болып отырған жүйені құрып шықты. Бүгінде қосылыстарды жалғастырып жатыр.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2025 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар. Соның ішінде 12 банк шетелдік капиталдың қатысуымен: оның 9-ы – шетелдік банктердің Қазақстандағы еншілес банкі.
Сондықтан қаржы саласының мамандары клиенттерге телефон нөмірі бойынша ақша аударуына мүмкіндік беретін жаңа жүйеге барлық 21 банк көшеді деп күтпеу керектігін ескертті. Тіпті соның жартысы – жетекші 10 банктің бәрі қашан қосылып бітетінін қаржылық және монетарлық реттеушілер де білмейді.
«Бұл кейбір қиындықтары бар технологиялық процесс. Бірақ көп нәрсе банктердің өздерінің осыған дайындығына байланысты болады. Қызметкерлерінің жұмысы көбейеді, олар да даярлануға тиіс. Кейбір банктердің ІТ-инфрақұрылымы өте күрделі болып келеді. Салдарынан, оларды ортақ жүйеге интеграциялау мерзімі ұзаққа созылып кетті. Әйтсе де, баяндамаларда айтылып жүргендей, 2025 жылдың соңына дейін жүйені толық ендіруді аяқтаймыз деген үміттеміз», – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Шолпанқұлов.
Бұдан бөлек, қазіргі кезде төлем тек бір банктің QR-жүйесі ішінде ғана жүргізіледі. ҚРҰБ басшысы орынбасарының байламынша, бұған қарағанда барлық банктердің бірыңғай, ортақ QR-кодты пайдалануы клиенттер үшін анағұрлым ыңғайлы болады.
«Бұл сіздің үйреншікті мобильдік банк қосымшасына ұқсас болады. Мысал үшін айталық: А атты банктің клиентісіз және әлдебір дүкенге бас сұқтыңыз. Онда басқа қаржылық ұйымның – В банкінің ғана терминалы бар. "Кешіріңіз, біз QR-код бойынша тек А банкінің клиенттеріне ғана қызмет көрсете аламыз" дейді кассир. Енді басқаша болады. Сіз өз банкіңіздің қосымшасына кіресіз де, төлем терминалындағы кодты сканерлейсіз, сонда төлеміңіз өтеді», – деп сендірді Шолпанқұлов.
Яғни, сізге ары қарай да өзіңізге ұнайтын және қызметі сізге қолайлы банктің клиенті болып қала беруіңізге болады. Соның қосымшасымен кез келген дүкенде, сауда ойын-сауық орталығындағы кез келген терминалда есептесе аласыз.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары бұл жүйенің тегін болмайтынын, тарифтер бекітілетінін мәлімдеді.
«Неге мемлекеттік жүйе тегін болмайды? Банктер ол жүйе үшін төлейтін ақыны енді клиенттерге жүктейді деген сияқты әңгімелер айтылуда. Бұл енді нарықтың мәселесі. Біз түсінуіміз керек, банктер, форумдар және басқа ұйымдар төлейтін комиссия осы жүйенің инфрақұрылымын ұстап тұруға, жаңғыртуға бағытталатын болады. Бүгінде серверлер, Data-орталықтардың қызметі қымбат. Жүйеге қызмет ететін мамандарға, басшыларға жалақы, салықтарды төлеуі қажет. Басқа да шығыстары бар. Бұл нарық. Біз, мемлекет, комиссия көлемін және өзге шарттарын тікелей реттемейміз», – деді Ұлттық банк басшылығының өкілі.