Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ресей Қазақстан экономикасына 30 млрд долларға жуық инвестиция салған

Ресей Қазақстан экономикасына 30 млрд долларға жуық инвестиция салған

Соңғы 20 жылда Ресей Қазақстан экономикасына шамамен 29,3 млрд доллар инвестиция құйған.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан мен Ресей президенттерінің Тәуелсіздік сарайындағы келіссөздері аясында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, осы кезеңде Қазақстан да Ресей экономикасына шамамен 9 млрд доллар инвестиция салған.

«Ресей Федерациясы тарапынан 20 жылда салынған 29,3 млрд доллар және Қазақстан тарапынан құйылған шамамен 9 млрд доллар – біздің экономикалық ынтымақтастығымыздың негізі», – деді Серік Жұманғарин журналистерге берген сұхбатында.

Оның сөзінше, екі ел арасындағы инвестициялық жобалар негізінен көлік-логистика, өнеркәсіп және химия салаларын қамтиды. Мысал ретінде министр Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан «Еурохим-Қаратау» тыңайтқыштар жобасын атады.

Көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық

Серік Жұманғарин Қазақстан мен Ресей көлік саласындағы әріптестікті де күшейтіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, тараптар өзара тарифтік жеңілдіктер мәселесін талқылап, бірқатар келісімдерге келген.

«Алдағы жылдары қазақстандық әуе компаниялары 130-ға дейін тар және кең фюзеляжды ұшақ, оның ішінде шамамен 40 жүк ұшағын сатып алуды жоспарлап отыр. Осы бағытта импорттық кедендік баж салығын толық алып тастау туралы келісімге қол жеткізілді», – деді министр.

Сонымен қатар Қазақстан балық өңдеу, теңіз және газ тасымалдаушы кемелерді әкелуге қатысты бірқатар жеңілдіктер ұсынып отырғанын жеткізді.

Ертіс пен Еділ–Дон бағыты талқыланды

Тараптар кеме қатынасы мен халықаралық көлік дәліздерін дамыту мәселелерін де қарастырған.

Министрдің мәліметінше, Ертіс өзені бойынша әзірленіп жатқан бас жоспар болашақта су теңгерімін реттеуге және өзенді кеме қатынасына бейімдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Еділ–Дон каналы арқылы логистиканы дамыту мәселесі де күн тәртібінде тұр.

«Бүгін Еділ–Дон каналы арқылы кеме қатынасын Қазақстан үшін ыңғайлы ету мәселесі көтерілді. Қазір кеме қатынасы туралы келісім қарастырылып жатыр. Үшінші елдерге қатысты кедендік транзит жөніндегі келісім ратификация кезеңінде», – деді Серік Жұманғарин.

Атом энергетикасы – негізгі бағыттардың бірі

Вице-премьер атом энергетикасын Қазақстан мен Ресей арасындағы болашақ стратегиялық ынтымақтастықтың маңызды бағыты ретінде атады.

Сонымен қатар тараптар гуманитарлық саладағы жобаларды, соның ішінде екі елде мектептер салу бастамаларын жалғастырып жатыр.

Ұқсас материалдар