Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Отбасы банкке исламдық банк операцияларын жүргізуге рұқсат берілуі мүмкін

Отбасы банкке исламдық банк операцияларын жүргізуге рұқсат берілуі мүмкін

Мәжіліс қаржы нарығын дамыту және цифрландыру мәселелеріне қатысты заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.

Құжаттар қаржы жүйесін жетілдіруге, қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге және нарықтағы бәсекені күшейтуге бағытталған.

«Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельеваның айтуынша, депутаттар бірінші оқылымнан кейін құжатқа бірқатар түзету енгізген.

Оның сөзінше, түзетулердің алғашқы блогы рейтингтік қызметті жетілдіруге арналған. Соған сәйкес, рейтинг агенттіктері ұсынатын рейтингтерді алу ерікті негізде жүзеге асырылады.

Екінші бағыт Қазақстан рейтинг агенттігінің тәуелсіздігін күшейтуге қатысты. Атап айтқанда, рейтингтік әдіснаманы әзірлейтін комитеттің құрамын қалыптастыру мәселесі қарастырылған.

Заң жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – азаматтардың құқықтарын қорғау және қаржы қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында Отбасы банкке исламдық банк операцияларын жүргізу құқығын беру ұсынысы.

Бұдан бөлек, құжатта заңды тұлғалардың несиелері бойынша жеке тұлғалардың кепілдігін пайдалану талаптары нақтыланған.

Төлем қызметтері нарығын дамытуға қатысты өзгерістер де енгізіліп отыр. Атап айтқанда, бірінші санаттағы төлем ұйымдары институты пайда болады. Мұндай ұйымдарға заңды тұлғаларға банк шоттарын ашу және ақша аудару операцияларын жүргізу құқығы беріледі.

«Бұл түзетулер қаржы қызметтерінің құнын төмендетуге және нарықтағы бәсекені арттыруға ықпал етеді», – деді Татьяна Савельева.

Сонымен қатар заң жобасы аясында цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджеттерді, сондай-ақ мемлекеттік қорлардың бюджеттерін орындау кезінде пайдалану мүмкіндігі кеңейтілмек.

Депутаттың айтуынша, заң жобаларының мазмұны кеңейтіліп, тұжырымдамасы нақтыланғандықтан, негізгі және ілеспе заңдардың атауларына да өзгеріс енгізілген.

Ұқсас материалдар