Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұзақбай Қарабалин «ҚазМұнайГаз» директорлар кеңесінен мерзімінен бұрын кетеді

Ұзақбай Қарабалин «ҚазМұнайГаз» директорлар кеңесінен мерзімінен бұрын кетеді

Қазақстан мұнай-газ саласының белгілі маманы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Ұзақбай Қарабалин «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің құрамынан мерзімінен бұрын кетеді.

Бұл туралы акционерлердің жылдық жалпы жиналысына арналған материалдарда айтылған.

Құжатқа сәйкес, «Самұрық-Қазына» қорының мүддесін білдіретін директорлар кеңесінің мүшесі Ұзақбай Қарабалин өз бастамасымен өкілеттігін 2026 жылғы 29 мамырдан бастап тоқтату туралы жазбаша өтініш берген. Осыған байланысты оның өкілеттігін тоқтату және жаңа мүшені сайлау мәселесі акционерлердің 29 мамырға жоспарланған жылдық жалпы жиналысында қаралады.

Ұзақбай Қарабалин «ҚазМұнайГаз» директорлар кеңесінің құрамына алғаш рет 2016 жылы енген. Ол ұлттық компанияда «Самұрық-Қазына» қорының өкілі ретінде қызмет атқарып, мұнай-газ саласындағы мол тәжірибесін компанияның стратегиялық дамуына бағыттап келді.

Салалық ақпаратқа сәйкес, Қарабалин енді қызметін негізінен KAZENERGY қауымдастығындағы жұмысына арнамақ.

Ал босайтын орынға «Самұрық-Қазына» қоры Бақытжан Таубаевтың кандидатурасын ұсынды. Ол қордың стратегия және активтерді басқару жөніндегі қосалқы басқарушы директоры әрі басқарма мүшесі қызметін атқарады.

Бақытжан Таубаев мұнай-газ саласындағы инженерлік және басқарушылық тәжірибесімен танымал. Ол Қазақстан-Британ техникалық университеті-нің мұнай-газ ұңғымаларын бұрғылау инженері мамандығы бойынша түлегі және Turin Polytechnic University магистратурасын тәмамдаған. Егер акционерлер қолдаса, ол 2026 жылғы 30 мамырдан бастап директорлар кеңесінде қор мүддесін білдіретін өкіл болады.

Ұқсас материалдар