Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Елімізде жұмысқа орналасу үшін қажет құжаттар тізімі кеңеюі мүмкін

Елімізде жұмысқа орналасу үшін қажет құжаттар тізімі кеңеюі мүмкін

Қазақстанда еңбек шартын жасау кезінде жаңа міндетті құжат – кәсіби біліктілікті тану туралы куәлік енгізілуі мүмкін.

Бұл мәселе Мәжілісте техникалық және кәсіптік білім беру мен халық көші-қоны мәселелерін жетілдіруге арналған заң жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында көтерілді.

Талқылау кезінде депутат Максим Рожин жаңа өзгерістер жұмысқа орналасу барысында колледж немесе жоғары оқу орны дипломын ұсыну қажеттілігін жоя ма деген сауал қойды.

Бұл сұраққа жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев дипломның маңызы сақталатынын айтты.

«Біз дипломның маңызын жоққа шығармаймыз. Диплом мамандандырылған білім алғанын растайтын негізгі құжат болып қала береді. Азамат диплом мен кәсіби біліктілікті тану туралы куәлікті қатар ұсына алады», – деді вице-министр.

Жаңа куәлік кімдерге қажет болады?

Министрлік өкілінің айтуынша, жаңа құжат маманның нақты кәсіби дағдыларын дәлелдеуге мүмкіндік береді. Әсіресе жоғары немесе арнаулы орта білімі болмаса да, тәжірибе арқылы кәсіби деңгейге жеткен азаматтар үшін маңызды болмақ.

«Егер адамның дипломы болмаса, бірақ кәсіби дағдыларын дәлелдей алса, мұндай құжат сол жағдайларда қабылданады», – деді Ербол Тұяқбаев.

Алғашқы кезеңде кәсіби біліктілікті тану жүйесі мынадай салаларда кеңінен қолданылуы мүмкін:

– қызмет көрсету және сервис;
– қонақүй бизнесі;
– сұлулық индустриясы (шаштараздар, стилистер, лэшмейкерлер және басқа да қызмет түрлері).

Диплом мен сертификаттың айырмасы қандай?

Бұған дейін Қазақстанда «Кәсіптік біліктілік туралы» заң қабылданған болатын. Құжат аясында жұмыссыздарға арналған ваучерлер жүйесі мен микробіліктілікті сертификаттау тетігі енгізілген. Бұл қатарға мобилографтар, таргетологтар және басқа да жаңа кәсіп иелері кіреді.

Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, диплом мен сертификаттың атқаратын қызметі әртүрлі. Диплом оқу орнында теориялық білім алғанын растаса, сертификат немесе біліктілік куәлігі адамның нақты практикалық дағдысын көрсетеді.

Министрлік мәліметінше, мамандықтардың басым бөлігі үшін біліктілікті растау ерікті сипатта болады. Алайда заңнамада сертификаттау міндетті саналатын кәсіптер қазірдің өзінде бар. Олардың қатарында педагогтер, медицина қызметкерлері, нотариустар, адвокаттар және сот сарапшылары бар. Ондай салаларда тиісті растаусыз жұмысқа орналасуға рұқсат берілмейді.

Ұқсас материалдар