Енді банктер онлайн несие беру кезінде SMS-пароль жіберуге міндеттелмек. Бұл туралы заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерді клиентке онлайн-несие беру кезінде бір реттік SMS-пароль жіберуге міндеттемек.
Сонымен қатар агенттік банктерге алаяқтық туралы шағым беру үшін банктердің мобильді қосымшаларының басты бетіне клиент үшін түсінікті қызмет енгізуді міндеттеуді жоспарлап отыр. Барлық өтініштер, қазіргідей банктің ішкі құжаттарына сәйкес тіркеледі. Сондай-ақ күдікті транзакциялар мен алаяқтық туралы бірыңғай электронды деректер базасы құрылады.
Жаңа ережеге сәйкес заңнамаға «дроппер» (алаяққа ақша алуға көмектесетін адам) термині енгізілмек. Сондай-ақ әрбір банк қауіптерді талдап, есеп жүргізетін алаяқтықпен күресетін жеке бөлім құруы керек.
Агенттік жаңа түзетулердің алаяқтық тәуекелдерін азайту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін ұсынылғанын атап өтті. Құжат 26 қарашаға дейін талқылауда болады.