Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Базалық мөлшерлеме және инфляция: қай деңгейде тепе-теңдік сақталады?

Базалық мөлшерлеме және инфляция: қай деңгейде тепе-теңдік сақталады?

Сәбит Хәкімжанов инфляцияны 5% деңгейінде ұстап тұру мақсаты шынайы емес деген пікірмен келіспейтінін жеткізді. Ол бұл мақсаттың нақты жоспар, KPI немесе қандай да бір көрсеткішке жету міндеттемесі емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – ұзақ мерзімді бағдар, коммуникация құралы және Ұлттық банктің ақша-несие саясаты бойынша шешімдерін анықтайтын бағыт.

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі тарифтік саясатты реформалаудың маңыздылығын атап өтіп, экономикалық даму үшін тауарлар мен қызметтердің бағасын жасанды түрде тежеуден гөрі әділ салыстырмалы бағалар мен дұрыс баға белгілеу әдістерін енгізу маңызды екенін айтады. Салық саясаты туралы айта келе, ол ҚҚС мөлшерлемесін арттырудың тек салық мөлшерін ұлғайту тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар салық әкімшілендіруді жетілдіру тұрғысынан да пайдалы болатынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайтуға, бюджет тапшылығын қысқартуға және инфляциялық қысымды төмендетуге көмектеседі.
Сарапшы ел экономикасының қазіргі жағдайы мен құрылымдық шектеулерді ескермей, базалық мөлшерлемені төмендетуге тырысу қауіпті екенін ескертті. Бұл ретте ол Түркияны мысалға алды. Онда жоғары пайыздық мөлшерлемелер инфляцияны үдетіп, экономикалық өсімді тежейді деген теория кеңінен насихатталғанын жеткізді. Бұл теорияны ақша-несие саясатына енгізу әрекеті инфляцияның күрт өсуіне әкеліп, нәтижесінде Түркияның Орталық банкі мөлшерлемені 40%-дан жоғары көтеруге және оны осы деңгейде бір жарым жылдан астам уақыт бойы ұстап тұруға мәжбүр болды.

Ұлттық банк кеңесшісі теңге бағамы күштірек болуы керек немесе инфляция дұрыс есептелмеген деген тұжырымдармен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай қорытынды жасау үшін Ұлттық банк сауда серіктестерінің көрсеткіштерін ескере отырып есептейтін нақты тиімді айырбас бағамын талдау қажет.

Айта кететіні, бұған дейін BCC Invest сарапшылары қазіргі жағдайда ақша-несие саясатын «жұмсарту» импорттың қымбаттауына және инфляциялық қысымның күшеюіне әкелуі мүмкін екенін ескерткен болатын. Сонымен қатар, базалық мөлшерлемені төмендету шетелдік инвесторлар үшін теңгелік активтердің тартымдылығын азайтады, бұл капиталдың сыртқа кету қаупін тудырады. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының  сауалнамасына қатысқан сарапшылардың үштен бірі базалық мөлшерлеме артады деп болжаған еді. Олардың пайымы 7 наурызда іске асты.

Ұқсас материалдар