
«Қолданыстағы әдістердің тиімділігі төмен болып отыр. Қарапайым қауіпсіздік техникасының талаптары ескерілмей жатады. Еңбекті қорғау шараларын ұйымдастыруда бірыңғай тәсіл, ал ақпараттық жүйелерде өзара байланыс жоқ. Сондықтан бір ғана Еңбек министрлігінің күш-жігері аз болады. Бұл барлық мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен кәсіпорындардың бірлесіп атқаратын ауқымды жұмысына айналуға тиіс», – деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Бектенов еңбек саласын цифрландыру бойынша жауапты ведомствоға нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
«Еліміздің қауіпті өндірістік объектілеріндегі жарақат алу жағдайларын анықтау мен есепке алу бойынша ақпараттық жүйелерді интеграциялауды осы жылдың 1-ші қарашасына дейін аяқтауды тапсырамын. Цифрлық даму министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1-ші желтоқсанына дейін еңбекті қорғау саласындағы біртұтас цифрлық экожүйені құруды қамтамасыз етсін», – деді Премьер-министр.
Одан бөлек еңбек қауіпсіздігін арттыру шараларын күшейту мақсатында мынадай 3 тапсырма берді:
Бірінші, Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1-ші қарашасына дейін жұмыс берушілердің өндірісте жарақат алу фактілерін жасыруын болдырмау бөлігінде заңнамалық түзетулер әзірлеуі қажет.
Екінші, Өнеркәсіп министрлігі жұмыс берушілермен бірге жыл соңына дейін өнеркәсіп орындары мен құрылыс секторында өндірістік қауіпсіздікті және еңбекті қорғауға арналған арнайы жабдықтарды міндетті түрде орнатуды қамтамасыз етсін.
Үшінші, Төтенше жағдайлар министрлігі осы жылдың соңына дейін кәсіпорындарға өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізсін, деді ол.
Тапсырмалардың орындалуын бақылау Ермек Көшербаевқа жүктеледі.