Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстандықтардың несие қарызы 25 трлн теңгеге жетті

Қазақстандықтардың несие қарызы 25 трлн теңгеге жетті

Қазақстандағы халықтың несие жүктемесі жылдан-жылға артып келеді.

2026 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, елдің банк секторындағы несие портфелі 25 триллион теңгеге жеткен. Оның басым бөлігін тұтынушылық қарыздар құрайды.

Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді.

Оның айтуынша, азаматтардың қарыздық жүктемесін төмендету және қаржылық сауаттылықты арттыру Үкіметтің маңызды міндеттерінің бірі болып отыр. Осы бағытта Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлескен жұмыстар жүргізуде.

«2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторындағы несиелер көлемі 25 триллион теңгеге жетті. Оның үштен екісінен астамы тұтынушылық қарыздарға тиесілі. Бұл көрсеткіш 10 триллион теңгеден асып отыр және жыл сайын өсуде», – деді Азамат Әмрин.

Бірінші кредиттік бюро жанындағы талдау орталығының дерегіне сәйкес, 2026 жылдың басында қазақстандықтардың қаржы ұйымдары алдындағы жалпы берешегі 27,5 триллион теңгені құраған.

Статистикаға сәйкес, бір қарыз алушының орта есеппен 4,4 несиесі бар. Ал екі және одан да көп несие рәсімдеген азаматтардың үлесі 76 пайыздан асқан.

Вице-министр бұл көрсеткіштердің алаңдатарлық екенін атап өтіп, борыштық жүктемені азайту үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Жоспарланған өзгерістер қатарында мерзімі өткен тұтынушылық несиелерді реттеу тетіктерін жетілдіру, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін қайта қарау және қаржы ұйымдарының әділетсіз тәжірибелеріне тосқауыл қою көзделген.

Сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарына клиенттерге қосымша қызметтерді мәжбүрлеп ұсынуға немесе несие шарттарының маңызды тұстарын жасыруға жол бермеу талаптары күшейтіледі. Енді қарыз рәсімдеу алдында азаматтарға несие талаптары түсінікті түрде жазылған арнайы жадынама ұсынылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдерін жеңілдету мәселесі де қарастырылып жатыр.

Ұлттық Банктің дерегіне сүйенсек, халыққа берілген банк несиелерінің көлемі 2026 жылғы 1 сәуірде 25,067 триллион теңгеге жеткен. Ал тұтынушылық несие портфелі соңғы төрт жылда айтарлықтай өсіп, 2022 жылдың басындағы 6,1 триллион теңгеден 16,8 триллион теңгеге дейін ұлғайған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төлем қабілеті төмендеген азаматтарға кредиторлардан жасырынбай, қаржылық жағдайының нашарлағанын дәлелдейтін құжаттарды ұсына отырып, қарызды қайта құрылымдау туралы өтініш беруге кеңес береді.

Ұқсас материалдар