Қазақстанның астық пен ұн өнімдерін сыртқы нарыққа жеткізу көлемі биыл айтарлықтай артты.
2025 жылғы қыркүйек пен 2026 жылғы мамыр аралығында экспортталған астық пен ұнның жалпы көлемі астық эквивалентінде 12,2 млн тоннаны құрады.
Қазақстан темір жолы мәліметінше, бұл өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға жоғары. Өткен жылы аталған кезеңде экспорт көлемі 10,7 млн тонна болған еді.
Экспорт өсімінің негізгі үлесі Қазақстанның дәстүрлі сауда серіктестері саналатын Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанға тиесілі болды. Ең жоғары өсім Өзбекстан бағытында тіркелді. Бұл елге жөнелтілген астық пен ұн көлемі 38 пайызға артып, 3,6 млн тоннадан 5 млн тоннаға жеткен.
Сондай-ақ Қырғызстанға экспорт көлемі бір жарым есеге ұлғайып, 312 мың тоннадан 474 мың тоннаға дейін өсті. Ауғанстанға жеткізілімдер де айтарлықтай көбейіп, 1,3 млн тоннадан 2 млн тоннаға жетті. Ал Түрікменстанға экспортталған өнім көлемі 197 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 44 пайызға артқан.
Сарапшылардың пікірінше, көрсеткіштердің өсуі қазақстандық астық пен ұн өнімдеріне халықаралық нарықтағы сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар оңтүстік бағыттағы көлік-логистикалық дәліздердің тұрақты жұмыс істеуі экспорт көлемінің артуына оң әсер еткен.
Мамандар мұны еліміздің экспорттық инфрақұрылымды дамыту, тасымал бағыттарын әртараптандыру және шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық байланыстарды нығайту бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарының нәтижесі деп бағалайды.
Астық экспортының ұлғаюы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің табысын арттыруға, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін күшейтуге және Қазақстанның өңірлік азық-түлік нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік беріп отыр.





