
Түркістан облысында Шардара аудандық білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты.
Олар мемлекет қаржысынан 3,7 миллиард теңгеден астам ақшаны жымқырғаны үшін айыпталды.
Сот шешімі бойынша бөлім басшысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Есепшілердің басым бөлігіне 7 жылға жаза тағайындалды. Қылмыстық жолмен алынған үйлер, пәтерлер, 20-ға жуық мүлік пен алтын сататын дүкен мемлекет меншігіне тәркіленді.
Дегенмен барлық айыпталушы түрмеге қамалған жоқ. Бірі ұрлаған қаражатты толық қайтарғандықтан жазадан босатылды. Үшеуі жасы 62-ден асқандықтан рақымшылыққа ілінді. Тағы екі адам кәмелетке толмаған балаларына байланысты жазасын кейін өтеуге жіберілді. Ал бір есепші сот басталмай тұрып көз жұмған.
Айыпталушылардың туыстары сот үкіміне наразы. Сотталушының күйеуі Құдайберген Маханов «жала жапты» деп есептеп, апелляцияға беретінін мәлімдеді.