
Мұғалім – мектептің жүрегі. Білім шаңырағының кемесін өрге жүзгізетін де ұстаз. Сондықтан білім ұясының жетістігі, еңбектің жемісті һәм нәтижелі болуы тікелей кәсіби білікті ұстаз қауымына байланысты.
Осы тәжірибенің үлгісін көрсеткен Алматы облысы, Қаскелең қаласындағы В.Г.Белинский атындағы мектеп-гимназияның ұжымы биылғы оқу жылын айтулы жаңалықпен бастады. Оның ең маңыздысы – білім ұясы орта мектептен – мектеп-гимназия деңгейіне көтерілді. Бұл тұрғыда мектеп директоры Тұрсын Сайбырова Әділбекқызының айтуынша, бұл жетістікке жету үшін білім сапасын арттыруды үздіксіз жетілдіріп отырған.
Ал 2023 жылдан бері жұмысын бастаған 2,3,4 сынып оқушыларын қамтитын «Сыр сандық» театры да балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап, сахналық мәдениетін қалыптастыруға бағыттап келеді. Оқушылар ертегілер мен шағын қойылымдар сахналап, рухани құндылық пен өнегелі тәрбие беріп келеді. Яғни, «Сыр сандық» театры – балаларға өз өнерін көрсетуге, топпен жұмыс істеуге және сахна арқылы өз ойын жеткізуге үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ, «Кемел оқырман» атты әдеби клуб оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, көркем әдебиетті терең түсінуге баулумен қатар сыни ойлау мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға септігін тигізеді. Клуб мүшелері белгілі авторлардың шығармаларын бірге талқылап, өзара пікір алмасады. Жаңа кітаптарды таныстыру, авторлармен кездесу, мәнерлеп оқу сайыстары сияқты түрлі танымдық іс-шаралар да тұрақты түрде өткізіліп келеді. «Кемел оқырман» клубы – жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, болашақ зияткер әрі саналы оқырман болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды бастама.
Жобаның басты мақсаты – балаларды табиғатпен үйлесімді өмір сүруге үйретіп қана қоймай, экологиялық мәдениеті мен саналы көзқарасын қалыптастырып, оларды әлемді жақсы жаққа өзгертуге үлес қосатын белсенді азамат ретінде тәрбиелеу. Бағдарлама аясында оқушылардың экологиялық ойлауын дамытатын және күнделікті өмірде қолдана алатын дағдыларын қалыптастыратын іс-шаралар өткізілуде.
«Мәселен, экологиялық қолөнер мен суреттер көрмесі ұйымдастырылып, балалар өз шығармашылығы арқылы табиғатты қорғау идеяларын жеткізді. Сонымен бірге, тәжірибелік жұмыстарға ерекше назар аударылды. Қонақтарға оқушылардың үй жағдайында сабын жасау, желатиннен, глицериннен және пектиннен биопластик өндіру, сондай-ақ сода, тұз және сірке қышқылынан экологиялық таза жуғыш ұнтақ дайындау тәжірибелері көрсетілді. Бұл бастама – балаларға экологиялық жауапкершілікті тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде үйретудің бірегей жолы деп есептеймін», – дейді мектеп директоры.
«2024-2025 оқу жылында мектебіміз үшін үлкен жетістік болды. «CodiPlay» экожүйесі іске қосылып, біз Алматы облысы бойынша ресми HUB мәртебесін алдық. Бұл – оқушылардың заманауи технологияларға қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Аталған жоба аясында балалар кодтау мен ойнауды ұштастыра отырып, логикалық ойлау, шығармашылық қабілет және бағдарламалау негіздерін меңгеріп келеді. Осы мақсатта арнайы сабақтар өткізіліп, оқушылардың IT саласына деген ынтасы артып отыр. Ең бастысы, балаларымыз республикалық жарысқа қатысып, III орынға ие болып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл – оқушылардың талпынысының, ұстаздардың еңбегінің және жаңа жобаның тиімділігінің айқын дәлелі.
Бүгінгі таңда мектебімізде кәсіптік бағдар беруге ерекше мән берілуде. Осы мақсатта «Мамандықтар қаласы» жобасы іске қосылды. Жоба аясында оқушылар бағбаншы, гүл күтуші, бағдарламалаушы, іс жүргізуші сынды мамандықтардың қыр-сырын меңгеріп, алғашқы кәсіби дағдыларын қалыптастыруда. Ұстаздарымыз осы бағытта аянбай еңбек етіп келеді.
Жаңа оқу жылынан бастап екі кадеттік сынып ашылды
– 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында мектебіміз үшін тарихи оқиға орын алды. В.Г.Белинский атындағы орта мектепте «Бейбітшілік пен жасампаздық» ескерткіші ашылып, аудандық полиция басқармасымен бірлескен ауданымыздағы тұңғыш кадеттік корпус өз жұмысын бастады. Жаңа оқу жылынан бастап екі кадеттік сынып ашылды: 5-сынып – полиция полковнигі Арыстанбек Қисықовтың есімімен, ал 8-сынып – ерлікпен қаза тапқан, «Айбын» орденінің иегері полиция капитаны Виктор Ивановтың есімімен аталды.
Бұл – жас ұрпақты батырлыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды қадамы. Сонымен қатар, біздің кадеттер облыстық «Жас сақшы» байқауына Қарасай ауданының атынан қатысып, жүлделі II орынға ие болды. Бұл – оқушыларымыздың алғашқы жетістігі әрі олардың болашақта ел қорғайтын абыройлы азамат болып өсетініне сенімді дәлел.
Feydey мектебімен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды
– Білім сапасын арттыру және оқушылардың пәнге деген қызығушылығын дамыту мақсатында мектепте «Meta Skills» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жобаға 11 пән бірлестігі түгелдей қатысады. Әр апта сайын пән бірлестіктері өздерінің тың жобаларын ұсынып, оқушыларға білімді жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді. Мұндай жұмыстар балалардың тек пәнге қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың сыни ойлауын, шығармашылық қабілетін және түрлі салада қолдана алатын әмбебап дағдыларын қалыптастыруға жол ашады. «Meta Skills» жобасы – болашақта жан-жақты, білімді әрі бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі деп санаймыз.
Тағы бір қуанышты жаңалық – Қазақстанда 10 жылдық тарихы бар Feydey мектебімен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Осы келісімнің аясында мектебімізде халықаралық сыныптар ашылды. Бұл сыныптарға қабылданған оқушылар мемлекеттік үлгідегі орта білім аттестатымен қатар, халықаралық үлгідегі орта білім туралы диплом алып шығу мүмкіндігіне ие болады. Сабақтар толықтай ағылшын тілінде жүргізіледі. Оқушылар 3-сыныптан бастап халықаралық бағдарлама бойынша білім ала алады. Қазіргі таңда біз халықаралық аккредитациядан өтуге ұсыныс бердік. 2025 жылдың соңына дейін халықаралық мектеп мәртебесін алуымызға үлкен үміт бар. Бұл бастама – мектебіміздің дамуындағы жаңа белес әрі балаларға әлемдік деңгейде білім алуға жол ашатын маңызды қадам.
Мектебіміз үшін маңызды қадамдардың бірі – SDU университетімен және Қарасай аудандық ауруханасымен меморандумға қол қойылып, серіктестік орнатылуы болды. Бұл ынтымақтастықтың нәтижесінде IT және медициналық бағыттағы сыныптар ашылмақ. Жаңа сыныптарда оқушылар тереңдетілген бағдарлама бойынша білім алып, жоғары оқу орны мен медицина саласының мамандарынан тәжірибелік сабақтар өтеді. Мұндай мүмкіндік балаларға кәсіби бағдар алуға, заманауи дағдыларды меңгеруге және болашақ мамандығын саналы таңдауға жол ашады.
Әлем чемпионатында топ жарған Лола
– 2025 жылдың 10-20 қыркүйек аралығында Абу-Дабиде өткен IFMA жасөспірімдер арасындағы Муай-тайдан әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Бұл додаға 112 елден қатысқан 1200 спортшы бағын сынады. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте III орын иеленіп, биік жетістікке жетті. Біз үшін ерекше қуаныш – мектебіміздің 8 «И» сынып оқушысы Лола Шарупова Тимурқызы осы айтулы чемпионатта қола медальға ие болды.Бұл жеңіс – тек Лоланың ғана емес, бүкіл мектеп ұжымының мақтанышы. Себебі, оқушымыздың табандылығы мен еңбегінің арқасында халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап шыққаны біз үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта да шәкіртіміздің жарқын жеңістеріне куә боламыз деп сенеміз.
В.Г.Белинский атындағы мектеп-гимназиясы – заманауи білім беру мен ұлттық тәрбиені үйлестіре білген, үнемі даму үстіндегі білім ордасы. Шығармашылық, экологиялық тәрбие, халықаралық, IT және кәсіби бағдар – бәрі де бұл мектепте жүйелі түрде іске асуда. Мұндай білім ұялары – еліміздің болашағы жарқын, білімді ұрпағын тәрбиелеудің кепілі.