Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер мен дәрілік препараттар қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылды.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Ведомствоның ақпаратынша, ҚҚС-тан босатылатын тізімге 3 мыңнан астам дәрілік зат атауы енгізілген. Оның ішінде 1 200-і орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған препараттар. Бұл дәрілер көтерме және бөлшек саудада сату кезінде де ҚҚС төлеуден босатылады.
Сондай-ақ сирек және әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау, емдеу, алдын алу және оңалтуға арналған медициналық қызметтерге де ҚҚС салынбайды. Бұдан бөлек, ТМККК және МӘМС аясында дәрі-дәрмек өндіруге пайдаланылатын импорттық фармацевтикалық субстанциялар да салықтан босатылды.
Аталған өзгерістер 2025 жылғы 31 желтоқсанда қабылданған Үкіметтің №1203 қаулысына сәйкес енгізілді және 2026 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі аясында жүзеге асырылады.
Министрліктің мәліметінше, бұл шешім пациенттерді қолдауға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, медициналық ұйымдардың қаржылық жүктемесін азайтуға және отандық фармацевтика саласын дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, жаңа Салық кодексіне сәйкес 2026 жылдан бастап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада сату кезінде ҚҚС-тың төмендетілген мөлшерлемесі қолданылады. 2026 жылы бұл көрсеткіш 5 пайыз, ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 пайыз болады.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп рецептілік дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу мерзімін 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартты.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың ортасында бөлшек саудадағы дәрі-дәрмек бағасын шектеу тетігі енгізіліп, нәтижесінде 3 780 атау бойынша бағалар орта есеппен 26 пайызға төмендеген. 2025 жылы шекті бағаны бұзудың 28 фактісі тіркеліп, 5,7 млн теңгеге айыппұл салынған.
Дәріханалардағы дәрілердің өзекті бағасын Dari.kz мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.





