Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Болат Әбіловтың қызы Tatler Қазақстанның бас редакторы болды

Болат Әбіловтың қызы Tatler Қазақстанның бас редакторы болды

Баспагер, abr компаниясының PR және креатив директоры Жәмила Әбілова Tatler Қазақстан басылымының бас редакторы болып тағайындалды. Бұл туралы басылымның баспасөз қызметі хабарлады.

Бас редактор ретінде Жәмила Әбілова шығармашылық және ұйымдастыру процестерімен айналысады. Жекелей алғанда, ол заманауи рухқа сәйкес келетін өнім жасау, басылымды халықаралық нарықта таныту, әлем қоғамы назарын жергілікті аймаққа аудару секілді мәселелерге мән береді.

«Қазақстанда креативті индустрия, сән және поп-мәдениет бағыттарында көптеген түрлі таңғажайып жоба бар, ал жаңа бастамаларды іске асыруға арналған идея мен әлеует қарқыны бұдан да көп. Tatler Қазақстан бұл туралы қуана ақпарат ұсынады. Мен осындай маңызды жобаға қосылғаныма қуаныштымын. Біздің мақсатымыз — трендтерді ғана емес, сонымен қатар әр адамның даралығын көрсететін контент жасау арқылы оқырмандарымызды шабыттандыру. Біз журналымызға тән дәстүрдің аясында қызмет етеміз, бірақ мұнымен шектеліп қалмай, басылымға заманауи мәдениет және стиль тілінде сөйлеуге көмектесетін жаңа идеялар мен батыл шешімдер ұсынуға ұмтылатын боламыз», — дейді Жәмила Әбілова.   

Жәмила Goldsmiths College, University of London оқу орнында «Медиа және коммуникациялар» бағыты бойынша білім алған. 2012 жылдан 2020 жылға дейін BLVD журналының бас редакторы болды. 2014 жылы серіктестерімен бірге Mercedes-Benz Fashion Week Almaty жобасының негізін қалады. Соңғы кезде abr-да PR және креатив директоры ретінде қызмет етуде.

Айта кетейік, бұған дейін Tatler Asia мен белгілі қазақстандық кәсіпкер Тимур Турлов арасында эксклюзив лицензиялық серіктестік бекітілгені туралы хабарланған болатын. Бұл серіктестіктің аясында Tatler Kazakhstan, Tatler Türkiye, Tatler Azerbaijan және Tatler Uzbekistan журналдары шығарылмақ.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша Tatler Kazakhstan журналының алғашқы нөмірі 2024 жылдың желтоқсанында жарық көреді. Журналдың баспа нұсқасы жылына он рет шығарылмақ. Tatler Kazakhstan сайты қазақ және орыс тілдерінде бір уақытта іске қосылады. Бұған қоса, әлеуметтік желілер мен YouTube платформасында аккаунттар ашылады. Ал Tatler Türkiye 2025 жылы баспа және цифрлық форматта жарық көреді, кейін Tatler Azerbaijan және Tatler Uzbekistan шығады.

 Анықтама:  Tatler Қазақстан — халықаралық Tatler тобына кіретін қазақстандық медиа-платформа. Tatler Қазақстан адамдарға шабыт сыйлайтын, олардың көкжиегін кеңейтіп, ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуға көмектесетін эксклюзив материалдар шығаруды және естен кетпес әсер бөлісуді мақсат етеді.

 

 

Ұқсас материалдар