Борышын өтемей жүрген «Болашақ» түлектері қандай қулыққа барады? – Министр

Үкіметте өткен брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек борышын өтемей жүрген «Болашақ» түлектері туралы айтты.
Министрге «Болашақпен» оқып, бірақ борышын өтемей жүрген қанша түлек бар?», – деген сұрақ қойылды.
«Өкінішке қарай, ондай түлектеріміз бар. Былтыр үлкен аудит жүргіздік. Кім шетелде қалып қалды? Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасының базасы шекара қызметінің базасымен ұштастырылды. Кім қайда шықты? Кім шекарадан өтті? Бізге бұл мәліметтер жетіп отырады. Ондай 200-300 шамасындағы адам айқындалды. Ондай адамдар бірден стипендиядан айырылады. Не соттың шешімімен, не екіжақты келісіммен ол ақша қайтарылады», – деді министр.
Ол «Болашақ» түлектерінің елге келген соң 5 жылдық жұмыс өтілінен өту кезінде баратын бірқатар қулық әрекеттерін де әшкере етті.
«Қазақстанда бір компанияға тіркеледі. Сосын сол компанияның есептерін жіберіп тұрады. Оны біз қазір салық органдарымен қарастырып, бірден айқындаймыз. Минималды салық төлеп тұрғанда бірден белгілі болады. Одан бөлек, ауылды жерлерге шығып кетеді. Себебі ауылды жерге барғанда оның жұмыс өтілі 5 жылдан 3 жылға қысқарады. Сонда бір компанияға тіркеледі де, өзі қалада жұмыс істеп жүреді. Оны да анықтаудың жолын тауып алдық», – деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ, ол қазір халықаралық бағдарламамен білім алған түлектерді қадағалау тетіктері күшейтілгенін қадап айтты.