Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Бретт Кинг: Әлем алдағы он жылда қолма-қол ақшадан толық бас тартады

Бретт Кинг: Әлем алдағы он жылда қолма-қол ақшадан толық бас тартады
Болашақ экономикасында қолма-қол ақшамен жұмыс істеу мүмкін болмайды.

Әлемнің дамыған экономикалары алдағы он жылда қолма-қол ақшадан толық бас тартады. Бұл бағытта Норвегия мен Қытай алдыңғы қатарда болуы ықтимал. Қолма-қол ақша сирек кездесетін нәрсеге айналады. Егер сіз тек қолма-қол ақшаға сүйенсеңіз, онда негізгі қызметтерге – денсаулық сақтау, білім беру, көлік немесе қарапайым саудаға қол жеткізу қиынға соғады.

Сондықтан смарт-экономика құрудың негізгі талабы – қолма-қол ақшасыз жүйеге көшу. Бұл – орасан зор мүмкіндіктер кезеңі. Егер біз осы өзгерістерді қабылдай алсақ, онда жасанды интеллект бізді жаңа деңгейге шығарады. Astana Finance Days 2025 форумында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген футуролог, Breaking Banks подкастының жүргізушісі және «Bank 4.0. Жаңа қаржылық шындық» бестселлерінің авторы Бретт Кинг осындай пікір білдірді.
«Қытай мысалын алайық. Егер сіз 2012 жылы Қытайға барған болсаңыз, транзакциялардың 98%-ы қолма-қол ақшамен жасалғанын көрер едіңіз. Ал бүгінде олардың 95–96%-ы мобильді төлемдер арқылы жүзеге асады. Бұл – өте жылдам өзгеріс. Болашақта жасанды интеллект негізінде жаңа қызметтер шығады: мысалы, автономды көлік, сіздің орныңызға сатып алуларды жасайтын ЖИ-агенттер, ұзақ өмір сүруге бағытталған медициналық процедуралар. Мұның бәрі цифрлық ақшаны қажет етеді», – дейді футуролог.



Ол сондай-ақ, жасанды интеллект алдағы мыңжылдықта адамзат физикасына да, біздің экономикалық жүйелерімізге де әсер ететін ең үлкен күйретуші фактор болатынын айтады. 
«Адамзат тарихының соңғы мың жылына көз салсақ немесе болашақтағы мың жылды елестетсек, жасанды интеллект – ең төңкерістік технология. Адамға, оның экономикалық жүйелеріне ықпал еткен барлық құбылыстардың ішінде тек климаттық өзгерістер ғана салыстырмалы әсер етуі мүмкін. Қалғанының бәрінен артық. Бүгін біз жасанды интеллекттің өмірімізді қаншалықты өзгертетінін толық елестете алмаймыз. Оның үстіне өзгерістер біз ойлағаннан әлдеқайда тез жүреді. Бірақ біз бұл – адамзатқа берілген ең қуатты құрал, деп үміттенеміз», дейді Бретт Кинг.

Оның айтуынша ЖИ бұған дейінгі түсініктің бәрін өзгерткен.  

«Мысалы, компьютерлердің әсерін алайық. Олар біздің өмірімізді түбегейлі өзгертті. «Мур заңы» (1960-жылдары Intel корпорациясының негізін қалаушы Гордон Мур айтқан болатын). бойынша, әр екі жыл сайын компьютерлердің қуаты екі еселеніп отырған. Ал жасанды интеллект бұл көрсеткіштен әлдеқашан асып түсті. Қазір ол екі жыл сайын он есе дамуда. Яғни жақын болашақта ол адам интеллектісін басып озбақ. Адамзат тарихында алғаш рет бізде адаммен теңесіп, тіпті қарсы тұра алатын балама интеллект пайда болды», дейді футуролог.

Ұқсас материалдар