10 шілдеден бастап Бурылбайтал-Күрті автомобиль жолының 1 041-1 021 шақырым аралағында ақылы алу жүйесі енгізіледі.
Көлік министрінің міндетін атқарушы қол қойған бұйрыққа сәйкес, ақылы жол учаскесінің жалпы ұзындығы – 80 шақырым, І-б санаты, өту жолағының ені кемінде – 3,75 метр, екі бағытта екі жолақтан.
Балама тегін жол да бар: облыстық маңызы бар автомобиль жолының Сұңқар-Қаншеңгел-Топар-Құйған, Топар-Ақжар, Қонаев-Бақанас-Қарай учаскелері және республикалық маңызы бар автомобиль жолының Қонаев-Күрті учаскесі.
Жолдың толық бағыты бойынша жол жүру құны:
– жеңіл автомобильдер үшін – кейін төлеу кезінде 0,0671 АЕК (290 теңге), алдын ала төлеу кезінде 0,0581 АЕК (251 теңге);
– 16 орынға дейінгі автобустар мен жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – кейін төлеу кезінде 0,1699 АЕК, алдын ала төлеу кезінде 0,1453 АЕК;
– 32 орынға дейінгі автобустар мен жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері –кейін төлеу кезінде 0,3354 АЕК, алдын ала төлеу кезінде 0,2862 АЕК;
– 32 орыннан асатын автобустар мен жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгі автопоездар – кейін төлеу кезінде 0,5031 АЕК, алдын ала төлеу кезінде 0,4270 АЕК;
– жүк көтергіштігі 10 тоннадан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері – кейін төлеу кезінде 0,6752 АЕК, алдын ала төлеу кезінде 0,5746 АЕК;
– жүк көтергіштігі 15 тоннадан асатын жүк көліктері, тіркемесі бар көліктер мен ершікті тартқыштар – кейін төлеу кезінде 0,8407 АЕК, алдын ала төлеу кезінде 0,7155 АЕК.





