
Қазақстанда цифрлық даму саласында құрылымдық өзгерістер күтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (ЦДИАӨМ) бірқатар функциясы Ғылым және жоғары білім министрлігіне (ҒЖБМ) берілетін болды.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ЦДИАӨМ басшысы Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ЦДИАӨМ-нің негізінде Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болады. Бұл ретте инновациялық саясат жөніндегі функциялар ҒЖБМ-ге берілетін болады. Жарлықтың жобасы қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен келісу үстінде», – деді министр.
Мәдиевтің мәлімдемесін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те өз баяндамасында нақтылады.
«Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында инновациялық саясатқа қатысты функциялар Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілуде», – деді ол.
Министрдің айтуынша, ҒЖБМ-ге берілетін функциялар келесі бағыттарды қамтиды:
-
инновациялық гранттар беру;
-
өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды қаржыландыру;
-
инвестициялық қорлар құру;
-
арнайы экономикалық аймақтарды дамыту;
-
акселерация және бизнес-инкубациялау;
-
білім беру және ғылыми-технологиялық бағдарламаларды енгізу.
Бұл өзгерістер елдегі инновациялық экожүйені дамытуға және Жасанды интеллект саласын дербес басқаруға мүмкіндік беретін жаңа құрылым қалыптастыруға бағытталған.