
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры биыл шағын және орта бизнеске (ШОБ) қолдау көрсету үшін 271,1 млрд теңге бағыттамақ.
Негізгі басымдық – банктердің ресурстарын нақты экономикаға тарту және компаниялардың тұрақты өсімі үшін қолайлы жағдай жасау.
2024 жылдың қорытындысы бойынша несие мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы 17 мыңнан астам бастаманы қамтыды. Жалпы көлемі шамамен 1 трлн теңгені құрады. Сонымен қатар, қор 8 мың жобаға 310 млрд теңге сомасында кепілдік берді. Салалық тұрғыда өндірістік кәсіпорындар (33,3%), логистика мен жүк сақтау (17%), сондай-ақ білім беру саласы (7,8%) жетекші орын алды.
Өткен жылы қаржылық емес қолдау да маңызды рөл атқарды: 15 мыңға жуық кәсіп иесі оқудан өтіп, басқару мен стратегия бойынша 135 мыңнан астам кеңес берілді.
Қордан кімдер қолдау алады2025 жылдың басынан бері қор кепілдік берудің екі жаңа схемасын іске қосты.
-
Біріншісі – көлемі 7 млрд теңгеден асатын ірі инвестициялық жобаларға арналған. Мұнда басымдық өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым және экспорт салаларына берілді.
-
Екіншісі – көлемі 7 млрд теңгеге дейінгі шағын және орта бизнеске бағытталған. Бұл схема бюджет қаражатына тәуелділікті азайтып, кепілі жеткіліксіз компанияларға несиеге қол жеткізуді жеңілдетеді.
12 тамыз 2025 жылға дейін 1 069 жобаға 170,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде кепілдіктер 92,16 млрд теңгені құрады. Қолдау рәсімін рәсімдеу мерзімі екі жұмыс күніне дейін қысқартылды. Негізгі бағыттар – қайта өңдеу, көлік қызметтері, қоймалық логистика және білім беру. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадамдар экономиканы әртараптандыруға және қазақстандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
«Өрлеу» бағдарламасы аясындағы нәтижелерҚазақстанда шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды. Жобаларды қаржыландыруды «Даму» қоры мен банктер бірлесе жүзеге асырады: қаражаттың 60%-ын банктер, 40%-ын қор бөледі.
2025 жылдың тамызына қарай 417 жоба 203,7 млрд теңгеге қаржыландырылды. Бұл – банктер мен «Даму» қоры арасындағы белсенді ынтымақтастықтың нәтижесі. Жеңілдетілген несиелер кәсіпкерлерге бизнесті нығайтуға және экономиканы дамытуға жол ашып отыр.