BYD компаниясының премиум санаттағы гибридті кроссовері Denza N9 Өзбекстан нарығына ресми түрде сатылымға шығады. Бұл туралы e-Mobility Festa атты ауқымды іс-шара барысында мәлім етілді.
Оның аясында BYD бірқатар жаңа өнімдерін таныстырды. Олардың қатарында BYD M9 минивэні, Leopard 5 және Leopard 8 жол талғамайтын көліктері, сондай-ақ люкстік YangWang U8 бар. Алайда тек Denza N9-дың Өзбекстанда сатыла бастайтыны нақты белгілі болды.
Denza N9 BYD құрамына кіретін премиум брендтің флагмандық SUV моделі. Бұл автокөлік Қытай нарығында 2025 жылдың наурыз айында сатылымға шықты және жаңа e3 платформасында жасалған алғашқы модель болды. Кроссовер 207 ат күшіне ие 2,0 литрлік бензин қозғалтқышынан және үш электрқозғалтқыштан тұратын қуатты гибридті жүйемен жабдықталған. Жүйенің жиынтық қуаты 925 ат күшіне жетеді. Соның арқасында Denza N9 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа небәрі 3,9 секундта жетеді.
Сыйымдылығы 47 кВт⋅сағ аккумулятор толық зарядта CLTC циклі бойынша таза электр қуатымен 202 км-ге дейін жүре алады. Техникалық ерекшеліктерінің қатарында артқы доңғалақтарды бұру жүйесі, пневматикалық аспа, сондай-ақ үш электрқозғалтқыштың арқасында іске асатын «краб жүрісі» және «танктік бұрылыс» режимдері бар.
Denza N9 толық өлшемді кроссоверлер санатына жатады. Оның нақты өлшемдері — 5258 × 2030 × 1830 мм, ал доңғалақ базасы 3125 мм-ге тең. Салыстыру үшін айтқанда, ол Li Auto L9 моделінен сәл ірі. Автокөліктің дизайнын бұрын Audi компаниясында ұзақ жылдар жұмыс істеген Вольфганг Эггер әзірлеген.
Кроссовер салоны 2+2+2 сызбасымен алты орынға арналған. Алдыңғы панельде үш экран орналасқан, олардың ішінде орталық сенсорлы дисплей 17,3 дюймдік диагоналімен ерекшеленеді. Артқы жолаушылар үшін төбедегі жиналмалы монитор мен көлемі 11,5 литр болатын тоңазытқыш қарастырылған. Сонымен қатар автомобиль 26 динамикті аудиожүйемен, бірінші және екінші қатардағы жолаушыларға арналған күннен қорғайтын перделермен және есіктердің электржетегімен жабдықталған.
Denza N9 моделінің Өзбекстандағы бағасы әзірге жарияланған жоқ. Алайда Қытайдың өзінде бұл SUV арзан емес: оның бағасы 389,8 мыңнан (28,5 млн теңге) - 449,8 мың (33,3 млн теңге) юаньға дейін жетеді. Бұған дейін бұл кроссовердің Қазақстан нарығында да ресми сатылатыны хабарланған еді. Алайда нақты мерзімі белгісіз күйінде қалып отыр.





