Кадрлық шешімдер Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатқаннан кейін қабылданды. 28 тамызда Президент Үкіметтің бұрынғы құрамына жаңа Үкімет бекітілгенге дейін міндеттерін атқаруды жалғастыруды тапсырған еді.
31 тамызда Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болып қайта тағайындалды. 2 қыркүйекте Мұхтар Тілеуберді Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалса, 3 қыркүйекте Үкіметтің қалған құрамына қатысты жарлықтар жарияланды.
Үкімет басшылығында өзгеріс болған жоқ. Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Қанат Бозымбаев Премьер-министрдің орынбасары қызметін сақтап қалды. Ғалымжан Қойшыбаев Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы болды.
Серік Жұманғарин Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі қызметін жалғастырады. Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды.
Министрліктердің басым бөлігінің басшылары өз қызметтерін сақтап қалды. Атап айтқанда, Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі, Ержан Сәденов Ішкі істер министрі, Мәди Такиев Қаржы министрі, Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі, Ерлан Сәрсембаев Әділет министрі болып қайта тағайындалды.
Сондай-ақ Ерлан Ақкенженов Энергетика министрі, Ерсайын Нағаспаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі, Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі, Арман Шаққалиев Сауда және интеграция министрі, Нұржан Нұржігітов Су ресурстары және ирригация министрі қызметтерін жалғастырады.
Ақмарал Әлназарова Денсаулық сақтау министрлігін, Айдарбек Сапаров Ауыл шаруашылығы министрлігін, Асқарбек Ертаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін, Ербол Мырзабосынов Туризм және спорт министрлігін басқаруды жалғастырады.
Сонымен қатар Үкімет құрамында бірқатар жаңа тағайындау бар. Төтенше жағдайлар министрі болып Мұрат Мұханов тағайындалды. Ол бұған дейін ТЖМ аппаратының басшысы қызметін атқарған.
Экология және табиғи ресурстар министрлігін Әлібек Қуантыров басқаратын болды. Ол бұған дейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігін басқарған.
Мәдениет және ақпарат министрі болып бұған дейін ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып келген Арман Қырықбаев тағайындалды. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа 3 қыркүйекте қол қойды.
Осылайша, бұрынғы Үкімет мүшелерінің басым бөлігі өз қызметтерін сақтап қалды. Алдағы күндері облыс әкімдері де тағайындалуы керек.





