«Әділет» партиясы Астанада тұрғындармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды
«Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Астанада еңбек ұжымдары, экологтар, көлік саласының мамандары, IT қауымдастығы және жастар өкілдерімен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттарды таныстырды.
«Астана орманы» ұжымымен кездесуде Құрылтай депутаттығына кандидат Ләззат Разбекова Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын қолдайтынын айтып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесін көтерді. Штаб өкілдерінің сөзінше, қоршаған ортаны қорғауға елдің әрбір азаматы өз үлесін қосуы тиіс. Осы бағытта партия жастар мен еріктілердің экологиялық бастамаларына бөлінетін гранттарды көбейтуді, волонтерлік және қайырымдылық жобаларына қатысатын жастардың үлесін 32 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Партияның сайлауалды бағдарламасында орман қорын сақтау және қалпына келтіруге басымдық берілген. Орман алқабын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайту, жаңа ағаш отырғызу және тозған аумақтарды қалпына келтіру жоспарланған. Сонымен қатар орман жағдайын цифрлық жүйелер мен дрондар арқылы бақылау көзделіп отыр.
«Біздің партия үшін экология – жай ғана тазалық мәселесі емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. «Әділет» партиясының бағдарламасында қоршаған ортаны қорғау, жасыл аймақтарды көбейту, орман қорын сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған көптеген бастама бар. Соның ішінде заманауи технологияларды пайдаланып, орман алқаптарының жағдайын цифрлық жүйелер мен дрондар арқылы бақылау, қауіп-қатерді дер кезінде анықтау сынды жаңа тәсілдер енгізу көзделген», – деді Ләззат Разбекова.
City Transportation Systems ұжымымен кездесуде Құрылтай депутаттығына кандидат Ирина Тен елорданың көлік жүйесін дамыту және тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, партия бағдарламасында қалалардағы ауа сапасын жақсарту үшін электр көлігін пайдалануды ынталандыру, қуаттау станцияларын көбейту және экологиялық таза көлік түрлеріне көшуге қолайлы жағдай жасау қарастырылған.
Құрылтай депутаттығына кандидат Мәди Рымжанов цифрлық мемлекет құру мәселесіне тоқталып, мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелер арқылы қабылдайтын шешімдері азаматтарға түсінікті әрі ашық болуы қажет екенін айтты.
Сонымен бірге партия өкілдері Qazaq Creative Hub алаңында IT мамандары және креативті жастармен кездесіп, жаңа технологиялар, шығармашылық индустрияны дамыту, жастар кәсіпкерлігі және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелерін талқылады. Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, алдағы үш жылда Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі креативті экономика үлесін 3 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.
Астанадағы кездесулер барысында штаб мүшелері тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Олар азаматтардың талап-тілектері алдағы жұмыста ескерілетінін атап өтті.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.





