
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін тауарларға импорттық баж салығын 104%-дан 125%-ға дейін көтеретінін айтты.
Бұл ретте Трамп басқа елдерге қатысты кедендік баж салығына үш ай үзіліс жасады. Осы уақыт аралығында АҚШ-қа импортталатын барлық тауарға 10%-дық тариф қолданылады.
«Қытайдың әлемдік нарықтарға құрметсіздік көрсетуіне байланысты Қытайдан алынатын тарифтерді 125%-ға дейін көтеремін. Бұл шара дереу арада күшіне енеді. Бәлкім, алдағы уақытта Қытай АҚШ-ты және басқа елдерді алдауға болмайтынын түсіне жатар», – деп жазды АҚШ президенті Truth Social желісінде.
Оның сөзінше, әлемнің 75-тен астам елі Вашингтоннан тарифтер бойынша келіссөздер жүргізуді сұраған. Енді бұл мемлекеттерге қатысты қосымша баж салығын енгізу мерзімі шегерілмек. Тиісті мерзім 90 күнге созылады.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт 10%-дық тариф Қытайдан басқа барлық елге қолданылатынын баса айтты.
АҚШ Сауда министрі Говард Лютниктің сөзінше, төрткүл дүние президент Трамппен бірге әлемдік саудадағы жағдайды түзеуге дайын.
«Ал Қытай басқа жол таңдады», – деп мәлімдеді Лютник.