Дональд Трамп The New York Times газетін сотқа беріп, 15 млрд доллар талап етті

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп The New York Times газетін жала жапты деп айыптап, үстінен сотқа шағым түсіріп, 15 миллиард доллар талап етті. Бұл туралы Financial Times хабарлады.
Шағым Флорида штатындағы федералды сотқа 15 қыркүйекке қараған түні түсті. Трамптың заңгерлері газетті «Демократиялық партияның үгіт құралы»деп атап, оны жалған және беделге нұқсан келтіретін ақпарат таратты деп айыптады.
«Газет бұрынғы адалдық, объективтілік және дәлдік сияқты журналистік құндылықтардан бас тартып, Демократиялық партияның қолшоқпарына айналды», – делінген Трамптың сотқа тапсырған құжатында.
Сондай-ақ, шағымда The New York Times Камала Харриске өткен президент сайлауында Трамптың басты қарсыласына ашық түрде қолдау білдірді деп көрсетілген.
Бұл Трамптың БАҚ-пен алғашқы дауы емес. 2024 жылы ABC News телеарнасы Трамптың президенттік кітапханасы мен мұражайына жала туралы дауды реттеу үшін 15 миллион доллар өтемақы төлеген болатын. Сонымен қатар, компания Трамптың заңгерлеріне 1 миллион доллар көлемінде адвокаттық шығынды да өтеген.