Фракция отырысында депутат мемлекет талаптары мен оларды орындаудың нақты мүмкіндіктері арасындағы жүйелі алшақтыққа назар аударды. Оның айтуынша, мектеп тағамының жаңа стандарты күрделі әрі шығыны жоғары мәзірді, санитарлық және технологиялық талаптардың күшеюін көздейді. Алайда қаржыландыру бұрынғы деңгейде қалған.
«Жаңа стандарт қабылданды, талап күшейді, жүктеме артты, ал тариф бұрынғы күйінде қалды. Инфляция мен салық жүктемесінің өсуі жағдайында бұл экономикалық тұрғыдан жүзеге асыруға келмейді», - деді Смолякова.
Депутаттың айтуынша, мектептерді тамақпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлердің жағдайы ерекше алаңдатады. Олардан жаңартылған талаптар бойынша балаларды тамақтандыру сұралады, бірақ бұрынғы бағамен. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерді шығынға ұшыратуы немесе тағам сапасының төмендеу қаупін туғызады.
Аталған мәселе бойынша депутат Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдап, төрт дөңгелек үстел ұйымдастырған. Сондай-ақ кәсіпкерлермен, салалық қауымдастықтармен, вице-министрлермен, әкімдіктермен кездесулер өткізіп, өңірлерге арнайы барып, жағдайды зерделеген.
Смолякованың айтуынша, бірқатар өңірлер бұл мәселенің шешімін өз деңгейінде тапқан. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Қостанай облыстарында тариф ҚҚС-ын дұрыс есепке алу арқылы арттырылған.
Алайда көптеген өңірлерде уәкілетті органдар тарапынан бірыңғай түсіндіру жұмыстары әлі жүргізілмеген. Талдау нәтижесінде белгілі болғандай, әр өңірдегі жүзден астам кәсіпкердің тек 1-20-сы ғана ҚҚС төлеуші болып табылады. Соған қарамастан, тариф барлығына ҚҚС есепке алынған күйде белгіленген. Бұл өз кезегінде теңсіздік туғызып, кәсіпкерлерге әділетсіз жүктеме түсіреді.
«Шешім айқын - тарифті ҚҚС-ын ескере отырып қайта қарау қажет. Бұл қосымша қаржы іздеуді талап етпейді және бюджетке қосымша салмақ салмайды. Мәселе - қаражатты әділ әрі дұрыс бөлуде», - деді депутат.
Оның айтуынша, отырыстың басты мақсаты - талқылаумен шектелмей, нақты шешімдер қабылдау. Өйткені бюджет қаржысы тиімді жұмсалып, еліміздің қай өңірінде тұрса да, әрбір бала сапалы әрі қауіпсіз тағаммен қамтылуы тиіс.





