Қазақстанда ауа райының қолайсыздығына байланысты екі өңірде автожолдар жабылды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады.
Жетісу облысы
4 қаңтар күні сағат 09:30-дан бастап республикалық маңызы бар «Үшарал – Достық» автожолының 84-164 км аралығында (Көктұма станциясынан Достық ауылына дейін) барлық көлік түрлеріне қозғалыс шектелді.
Ақмола облысы
Ауа райының нашарлауына байланысты (боран, жел, нашар көріну) «Астана – Петропавл» автожолының 18-232 км аралығында (Астана Щучинск) барлық көлік түріне қозғалыс тоқтатылды. Жолда қалып қойған 118 адам, оның ішінде 42 бала жылыту пунктеріне эвакуацияланды.
«Бұған дейін жабылған Қостанай, Ұлытау, Ақтөбе, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жол учаскелері қайтадан ашылып, көліктердің қозғалысына рұқсат берілді», – делінген хабарламада.
Қосымша ақпарат алу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 колл-орталығына хабарласуға болады.