Қазақстанда мүліктік кіріс салығын ұстау мерзімі ұзартылды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Жаңа ереже бойынша, енді жылжымайтын мүлікті сатып алғаннан кейін екі жыл ішінде сатсаңыз, алынған табысқа салық төлеу қажет. Бұған дейін бұл мерзім бір жыл болған. Норма 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Мысалы, азамат пәтерді 10 млн теңгеге сатып алып, екі жыл өтпей 15 млн теңгеге сатса, 5 млн теңге табыс ретінде есептеледі. Осы соманың 10 пайызы мүліктік кіріс салығы ретінде төленеді.
Ал 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін сатып алынған жылжымайтын мүлік бұрынғы тәртіп бойынша қаралады: бір жыл ішінде сатылған жағдайда ғана салық салынады.
Мамандар сыйға немесе мұраға алынған мүліктің құнын алдын ала бағалатып алуға кеңес береді. Өйткені бағаланбаса, бастапқы құны нөл теңге болып есептеліп, сатылған кезде толық сомадан салық ұсталады.
Айта кетейік, шетелден алынған жылжымайтын мүлікке бұл мерзім қолданылмайды. Оны қанша жылдан кейін сатса да, түскен табысқа салық төлеу қажет.





