Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Екінші деңгейлі банктердің қайтармаған қанша қарызы бар? – Ұлттық банк жауабы

 Екінші деңгейлі банктердің қайтармаған қанша қарызы бар? – Ұлттық банк жауабы

2017-2020 жылдары екінші деңгейлі банктерге 700 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген болатын.

Бұл туралы Ұлттық банк не дейді? 

 «Ұлттық Банк 2017 және 2020 жылдары «ҚР банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі бірқатар банкке шамамен 700 млрд теңге көлемінде субординацияланған облигациялық қарыз бөлді. Қаржылай қолдау «Еуразиялық Банк» АҚ, «Jusan Bank» АҚ (бұрынғы «Цесна Банк» АҚ, «АТФ Банк» АҚ), «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Bank RBK» АҚ және «Нұрбанк» АҚ-ға көрсетілді», – делінген жауапта.

Мәліметке сай, бұл бағдарлама аясында Ұлттық қордың қаражаты жұмсалмаған. Бағдарлама операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ банктердің 15 жылдық реттелген облигацияларын сатып алған. Қазіргі таңда банктердің міндеттемелерін орындау мерзімі басталмаған.

«Мемлекет банктерді мемлекеттік қаражатты мерзімінен бұрын қайтаруды жүзеге асыруға ынталандыру жөнінде шаралар қабылдады. Нәтижесінде Ұлттық Банктің 49,6 млрд теңге сомасындағы қаражаты қайтарылды. Атап айтқанда «Банк ЦентрКредит» АҚ 20 млрд теңге және «Банк RBK» АҚ 29,6 млрд теңге қарызды мерзімінен бұрын өтеді. Қазіргі таңда Ұлттық Банк алдында екінші деңгейлі банктердің осы бағдарлама аясында қалған қарызы – 650,9 млрд теңге», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Ұлттық банк мемлекет көмегін қайтарту үшін нақты қандай шаралар қарастырылғанын мәлім етті.

«Атап айтқанда, бұған дейінгі заңға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттен қолдау алған банктерге дивиденд төлеуге шектеу қойылды. Бұл шешім жұмсалған мемлекет қаражаты нәтижесін беруі үшін, банктердің қаржылық тұрақтылығына жағдай жасап, жай-күйін жақсартуы үшін қабылданды. Акционерлеріне дивиденд төлейтін банктерді мемлекеттен алған көмектің бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтартуға міндеттейтін нормативтік акт қабылданды. Қазір Ұлттық Банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, банктерді мемлекет қаржысын мерзімінен бұрын қайтартуға ынталандыруға бағытталған жаңа реттеу тетіктерін әзірлеп жатыр. Қарастырылып отырған шаралардың қатарында банктерге (соның ішінде мемлекеттік қолдау алған банктерге) минималды резерв талаптарын қатаңдату да бар», – делінген жауапта.

Ұқсас материалдар