Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Qazaqstan жобасының жүзеге асырылуы жөніндегі жұмыс кеңесінде отандық IT-бизнесті дамыту және экспорттық әлеуетін арттыру мәселесіне тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстандағы IT қызметтердің экспортынан түскен табыс 1 млрд долларға жуықтаған.
Мемлекет басшысы бұл нәтижеге IT саласын дамытуға бағытталған шаралар ықпал еткенін атап өтті. Атап айтқанда, Astana Hub алаңында кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалып, технологиялық жобаларды қолдау тетіктері қалыптасқан.
Президенттің пікірінше, зияткерлік өнім әзірлеп, оны шетелдік нарыққа шығаратын жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету қажет. Сонымен қатар Жасанды интеллект технологияларын өндіріс саласына енгізуді ынталандыру маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық төлем инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан Ұлттық Банкі бастамасымен банкаралық QR-төлемдер, аударымдар және цифрлық теңгемен есеп айырысу жүйелері іске қосылған. Бұл жүйелер төлемдер тізбегіндегі делдалдарды азайтып, шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Президент ұлттық есептеуші инфрақұрылымды дамыту және екі суперкомпьютерді іске қосу елдің технологиялық дербестігін күшейтуде маңызды рөл атқаратынын айтты.
Кеңесте деректерді басқару жүйесін жетілдіру, криптоиндустрияны дамыту және цифрлық активтер нарығын реттеу мәселелері де қарастырылды. Мемлекет басшысы Үкіметке қаржы реттеушілері және құқық қорғау органдарымен бірлесіп цифрлық активтер саласын дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ Президент жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып, азаматтардың жеке мәліметтерінің қорғалуын күшейту қажеттігін атап өтті.





