
Энергетикалық университеттің креативке қандай қатысы бар? Неге креативті индустрияға бет алды? NYFA-мен серіктестік қалай жүзеге асты? Соңғы кезде креативті индустрия саласында білім беру жобаларын қолға алған Energo University ректоры Ғани Нығыметов Astana Finance Days 2025 -те осы сұрақтарға жауап берді.
«Біздің университетке 50 жыл болды. Бұл – еліміздегі ең көне техникалық инженерлік университет, жалғыз энергетикалық. Бірақ, біздің оқу орнымыз жекеменшік және университет жаңа нишаларды іздейді. Биыл біз рекордтық деңгейде студент қабылдадық. Алғаш рет біз қалағандай энергетик мамандарын толық қабылдай алдық. Бұл – біздің жаңа университетіміздің бағыттарының бір себебі. Соның ішінде техно-креатив бағыты да бар. Біз өз стратегиямызда университетіміздің техно-креативке қарай қозғалатынын жарияладық. Креативті индустрия паркін ашу арқылы біз болашақта цифрлық медиа факультетін құруды мақсат еттік», дейді университет ректоры.
Осы бағытта жаңа кампус пен жаңа ғимараттар салып, мамандарды шақырған.
«Мен үш жыл «Болашақ» бағдарламасының президенті болдым. Сол кездегі байланыстардың арқасында мен New York Film Academy мамандарын шақырдым. Олар ұзақ ойланды. Қазақстанға келуге әрекеттер бұрын да жасалған, бірақ бірде-бірі жүзеге аспаған. Ал жекеменшік институтқа жүзеге асырудың сәті түсті», дейді Ғани Нығметов.
Оның айтуынша 29 қыркүйекте оқу басталады, ал 27 қыркүйекте Қаскелең қаласында New York Film Academy-дің жалғыз оқу кампусы ашылады.
«Бұл – Азиядағы Нью-Йорк фильм академиясының жалғыз кампусы. Бүгін біз Нью-Йорк пен Лос-Анджелестен келген 10 оқытушыға визаны алдық. Әрине, микрожүйе білім беру факультеті болады. Біздің серіктесіміз NYFA-мен біз терең академиялық ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отырмыз. Паркіміз еліміздің шалғай өңірлеріндегі балаларға грант бөлді. Кеше мен 3D-аниматорлармен, гейм-дизайнерлермен сұхбат жүргіздім. Биыл біз олардың оқи алуы үшін әрқайсысына 18 мың доллар көлемінде грант бөлеміз. Және келісім-шарт аясында олар оқуын аяқтағаннан кейін бірге жұмыс істеп, жобаларды жүзеге асырамыз. Яғни, олар білім алады, тәжірибе жинайды, ары қарай жұмыспен қамтылады», дейді ректор.
Айта кетейік, Қаскелеңдегі NYFA филиалында Кино режиссурасы (Filmmaking), Продюсерлік (Producing), Сценарий жазу (Screenwriting), Анимация және визуалды эффектілер (3D animation & VFX), Ойын дизайны (Game Design) мамандықтары оқытылады.
Академияның бірінші лекте Қазақстаннан және өңірдің көрші елдерінен (Қытай, Үндістан, Ресей және т.б.) 200-ге дейін студент қабылдау жоспарлауда. Оқуды аяқтаған соң түлектер америкалық университеттің дипломын алып, оқуын Нью-Йоркте немесе Лос-Анджелесте жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.