Әскерде ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт бойы ем қабылдап келген Ербаян Мұхтар өмірден өтті. Қаралы хабарды БАҚ өкілдеріне анасы Гүлсім Қамиева хабарлады.
Ербаян Мұхтар ауруханаға 2023 жылдың желтоқсанында түскен еді. Жас сарбаз қызмет еткен Ұлттық ұлан бөлімінің өкілдері ата-анасына оның дәретханада құлап, басын кафельге соғып алғанын айтқан. Алайда туыстары бұл нұсқаға басынан күмән келтіріп, Ербаянның жарақатты соққыдан алғанын дәлелдеуге тырысып келеді.
Ол бұған дейін бірнеше күрделі операциядан өтіп, Қазақстан мен шетелде ем қабылдады. Оның денсаулығына алаңдаған қазақстандықтар ем-домына қаржылай көмек көрсетіп, жағдайын жіті бақылап отырды.
Соңғы апталарда Ербаянның жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түскені хабарланған еді. Дәрігерлер оның өмірі үшін күрескенімен, аман алып қалу мүмкін болмады.
Ербаян Мұхтардың ісі қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Оның туыстары мен қорғаушылары сарбаздың жарақат алуына қатысты мән-жайды жан-жақты тексеруді талап етіп, қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын бірнеше рет мәлімдеген.





