Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ерлан Қарин: Әр азаматқа елге қызмет етуден асқан бақыт жоқ

Ерлан Қарин: Әр азаматқа елге қызмет етуден асқан бақыт жоқ

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған Ерлан Қарин жаңа Конституцияның күшіне енуі қарсаңында Мемлекеттік кеңесші қызметіндегі жұмысын қорытындылап, Мемлекет басшысы мен әріптестеріне алғыс білдірді.

Ерлан Қариннің айтуынша, жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Парламенттің қос палатасы – Сенат пен Мәжіліс, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа құрамда жұмысын бастайды. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Мемлекеттік кеңесші институтының да өкілеттігі тоқтайды.

«Әр азаматқа елге қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Ал қиын да күрделі шақта мемлекет мүддесіне еңбек ету – екі есе бақыт әрі абырой», – деп жазды Ерлан Қарин.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне сенім артып, жауапты мемлекеттік қызметті атқаруға мүмкіндік бергені үшін шынайы ризашылығын білдірді.

Қарин Мемлекеттік хатшы қызметіне 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Маңғыстау облысында жүрген сәтінде тағайындалғанын еске алды. Оның сөзінше, сол кезеңде өңірдегі жағдайды тұрақтандыру, орталық мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру және Президент тапсырмаларын жедел орындау негізгі міндеттердің бірі болды.

Сондай-ақ ол 2022 жылғы маусымда Мемлекеттік хатшы қызметінің орнына Мемлекеттік кеңесші лауазымы енгізілгенін атап өтті. Бұл институтқа Президент реформаларын іске асыруды үйлестіру, стратегиялық жоспарлау және арнайы тапсырмаларды орындау жүктелген болатын.

Ерлан Қарин Мемлекеттік кеңесші қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі ретінде Ұлттық құрылтай жұмысын ұйымдастыруды атады. Оның мәліметінше, Құрылтай аясында Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру үшін 26 заң, төрт кешенді жоспар, үш тұжырымдама және өзге де маңызды нормативтік-құқықтық құжат қабылданған.

Сонымен қатар, оның айтуынша, соңғы жылдары елдің ішкі саясат жүйесінде елеулі өзгерістер жүзеге асты. Алғаш рет Президент Жарлығымен Ішкі саясат тұжырымдамасы бекітіліп, ономастика, ескерткіштер орнату және ведомстволық наградаларды тағайындау салаларында жаңа регламенттер енгізілді.

Ерлан Қарин Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформалар мен басқа да ауқымды өзгерістерге қатысу өзі үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебе болғанын айтты.

Сөз соңында ол Парламент, Үкімет, Президент Әкімшілігі және азаматтық қоғам өкілдеріне бірлескен жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа Конституцияның күшіне енуімен ел алдында жаңа міндеттер тұрғанын жеткізді.

«Барлығымыз Президент айналасына топтасып, жұдырықтай жұмыла атсалысуымыз қажет. Жаңа дәуір елімізге, баршаңызға берекелі болсын!» – деп жазды Ерлан Қарин.

Ұқсас материалдар