
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік кеңесі отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында Үкімет нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды үйлестіру жөніндегі республикалық штабты құрды.
Премьер-министрдің өкімімен құрылған бұл құрылымға Үкімет басшысы төрағалық етеді. Оның орынбасарлары болып Премьер-министрдің орынбасары мен ішкі істер министрі белгіленді.
Штабтың негізгі міндеттері – мемлекеттік органдардың нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес саласындағы әрекеттерін үйлестіру, алдын алу бойынша кешенді шараларды әзірлеу, сондай-ақ есірткіге тәуелді адамдарды профилактикадан өткізу, емдеу және оңалту жүйесін жетілдіру.
Штаб құрамына Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы мониторингі агенттігі, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдері мен бірнеше министрліктің басшылары енгізілді.
Сонымен қатар, Премьер-министрдің өкіміне сәйкес, барлық облыстарда және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында өңірлік штабтар құрылады.