Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі номиналы 10 000 теңгелік ескі үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру мерзімін 2027 жылғы маусымға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Бұл қадам Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы ұсынысын ескере отырып қабылданған. Нәтижесінде азаматтар ескі банкноталарды тағы бір жыл бойы еркін пайдаланып, оларды жаңа үлгідегі ақшаға кезең-кезеңімен ауыстыра алады.
Жаңа және ескі үлгідегі 10 000 теңгелік банкноталар қатар айналымда болған кезеңде заңды төлем құралы болып қала береді. Олар еліміздің барлық аумағында төлем жасауға, аударымдарға және банк шоттарына қабылданады.
Ұлттық банк «Сақ стилі» сериясымен шығарылған жаңа банкноталарды енгізуді жалғастырып жатыр. Осыған байланысты ескі ақшаларды жаңасына біртіндеп ауыстыру тетігі қарастырылған.
Айналымдағы қатар жүру кезеңі аяқталғаннан кейін де ескі банкноталарды айырбастау мүмкіндігі сақталады: барлық банктер мен Қазпошта бөлімшелері оларды тағы 3 жыл бойы қабылдайды, ал Ұлттық банктің филиалдары шектеусіз мерзімде айырбастап береді.





