
2025 жылдың 12 қазанынан бастап Еуропаға баратын туристер үшін шекарадан өту ережелері жаңармақ, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Осы күннен бастап Еуропалық Одақ паспортқа мөр басу тәжірибесін тоқтатып, оның орнына биометриялық деректерді цифрлық сканерлеуге негізделген жаңа Кіру/Шығу жүйесін (EES) енгізеді. Жүйе ЕО-ға мүше емес мемлекеттердің азаматтарына қолданылады.
Биометриялық ақпаратты ұсыну міндетті болады. Одан бас тартқан жағдайда елге кіруге рұқсат берілмейді. Жиналған деректер үш жыл бойы сақталып, содан кейін автоматты түрде өшіріледі.
EES жүйесі Кипр мен Ирландиядан басқа барлық ЕО елдерінде, сондай-ақ Шенген аймағына кіретін, бірақ ЕО құрамында жоқ Исландия, Лихтенштейн, Норвегия және Швейцарияда іске қосылады.
Бұл жаңашылдық 2026 жылдың соңында енгізілуі жоспарланған тағы бір жүйеге – Еуропалық ақпараттық және сапарға рұқсат беру жүйесіне (ETIAS) дайындық кезеңі ретінде қарастырылады. ETIAS арқылы ЕО-ға кірмейтін ел азаматтары Шенген аймағына бармас бұрын 20 еуро төлем жасап, алдын ала рұқсат алуы тиіс болады.