
Бұл 2015 жылдан бері алғаш рет тіркелген төмендеу, деп жазды АЗӘРТАДЖ.
АЗӘРТАДЖ Еуропалық статистикалық басқарма (Евростат) таратқан соңғы есепке сілтеме жасай отырып хабарлағандай, былтыр ЕО елдерінде тек аккумулятормен жұмыс істейтін 1,45 миллион жаңа автокөлік тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6,1%-ға аз.
Салыстыру үшін айта кетсек, 2023 жылы бұл көрсеткіш 1,55 миллион болған. Сарапшылар бұл құбылысты ел тұрғындарының электромобильдерге қызығушылығының төмендеуімен түсіндіреді.
2015 жылдан 2023 жылға дейін электромобильдер саны жыл сайын орта есеппен 58%-ға артып отырған. Жалпы алғанда, 2024 жылдың соңына қарай ЕО аумағында 5,87 миллион аккумулятормен жұмыс істейтін көлік пайдаланылып жатыр. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 32,4%-ға көп (сол жылы 4,43 миллион болған).
Электромобильдер үлесі бойынша ең жоғары көрсеткіштер Данияда (51,3%), Мальтада (37,7%) және Швецияда (34,9%) тіркелген. Ал Оңтүстік және Орталық Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш өте төмен. Мәселен, Хорватия ЕО елдері арасында ең соңғы орында, бар болғаны 1,8%. Сондай-ақ, Словакия (2,4%) мен Польша (3%) да артта қалған елдердің қатарында.
Айта кетейік, 2018 жылға дейін жаңа электромобильдердің үлесі жалпы тіркеулер ішінде 1%-дан төмен болған. Дегенмен кейінгі жылдары бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келді:
2020 жылы – 5,3%,
2021 жылы – 9%,
2022 жылы – 12,1%,
2023 жылы – 14,6%.
Болашақта бұл үрдіс жалғасады ма, жоқ па, оны нарықтық және технологиялық факторлар анықтайтын болады, деп мәлімдеді Еуропалық статистикалық басқарма.