Қазақстандық лоукостер FlyArystan 2026 жылғы 1 наурыздан бастап тегін қолжүк нормасын ұлғайтатынын хабарлады.
Енді жолаушылар бұрынғы 5 кг орнына салмағы 7 кг-ға дейінгі қолжүкті қосымша ақысыз алып жүре алады.
Әуекомпания мәліметінше, қолжүк өлшемдері өзгеріссіз қалады – 56×23×36 см. Жаңа талаптар сатып алу күніне қарамастан, 1 наурыздан бастап орындалатын барлық рейстерге қолданылады. Ал 2026 жылғы 28 ақпанға дейін жүзеге асырылатын рейстер бұрынғы ереже бойынша, яғни 5 кг қолжүк нормасымен орындалады.
FlyArystan one-piece concept қағидатын сақтайды: жолаушы белгіленген салмақ пен өлшемге сай тек бір ғана қолжүк ала алады. Компанияның 2024-2025 жылдардағы деректеріне сәйкес, жолаушылардың шамамен 75%-ы сапарға тек шағын қолжүкпен шыққан.
Әуекомпания бұл өзгеріс жолаушылар сұранысын, операциялық үдерістерді және нарықтағы тәжірибені ескере отырып жүргізілген кешенді бизнес-талдау нәтижесінде қабылданғанын атап өтті. Сонымен қатар лоукост-модельдің негізгі қағидаттары сақталып, қосымша қызметтер жолаушының қалауына қарай ұсыныла береді.





