Қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы Астана – Батуми бағыты бойынша алғашқы рейсін жүзеге асырды.
Осылайша лоукостер халықаралық бағыттар желісін Қара теңіз жағалауындағы жаңа маршрутпен толықтырды.
Компания мәліметінше, алғашқы рейс Астанадан таңғы сағат 05:45-те ұшып шығып, жергілікті уақыт бойынша 09:00-де Батуми қаласына қонған. Әуежайда алғашқы жолаушыларды қарсы алуға арналған салтанатты рәсім ұйымдастырылды.
Астана – Батуми – Астана бағыты бойынша рейстер 2026 жылғы 29 тамызға дейін аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады. Ал туристік маусымдағы сұраныстың артуына байланысты 25 маусымнан бастап қосымша бейсенбі күнгі рейс енгізіліп, рейстер саны аптасына үшке дейін көбейеді.
Сонымен қатар 6 маусымнан бастап FlyArystan Ақтау – Батуми бағыты бойынша да тұрақты рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жолаушылар үшін Қара теңіз жағалауына қатынайтын бағыттардың санын арттыра түседі.
Ақтау – Батуми бағытындағы FS7729 рейсі Ақтаудан сағат 09:05-те ұшып, Батумиге 09:55-те жетеді. Ал кері бағыттағы FS7730 рейсі Батуми қаласынан 10:55-те көтеріліп, Ақтауға жергілікті уақыт бойынша 13:40-та қонады.
Әуе билеттерінің бағасы бір бағытқа 41 мың теңгеден басталады. Билет құнына салмағы 7 келіге дейінгі және өлшемі 56×23×36 сантиметрден аспайтын бір дана қол жүгі кіреді.
Билеттерді авиакомпанияның мобильді қосымшасы, ресми сайты және өзге де сату арналары арқылы сатып алуға болады.





